Сенбілікке 3 мыңға тарта адам мен 15 техника жұмылдырылып, 28 тонна қоқыс шығарылды.
Жетісай ауданында ауданда ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасын жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында ауданда ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді.
Қала, кент және барлық ауылдық округтерде өткен жаппай сенбілік барысында мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер өздеріне бөліп бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үйіргелік жерлерін күл-қоқыстардан, жапырақтардан тазартты. Ал экожанашырлары республикалық, облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелердің бойларын күл-қоқыстардан, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан арылтып, саябақтар мен гүлзарларда, скверлерде әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді.
«Өзге өңірлерге қарағанда көктемі ерте келетін біздің ауданда санитарлық тазалық жұмыстары да ерте басталады. Бүгінде елді мекендерде күнделікті өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарына қатысушылардың саны да күн санап артып келеді. Бұл – тұрғындарымыздың туған өлкеге деген махаббаты, жанашырлығы деп білеміз» дейді аудан әкімі Серік Мамытов.
Айта кетейік, аталмыш сенбілікке 3 мыңға тарта адам мен 15 техника жұмылдырылып, 28 тонна қоқыс шығарылды.