ТҮРКІСТАН: Жетісайда магистральды каналдар 40 жылдан кейін алғаш рет тазартыла бастады

0
70

Бүгінде арнайы техниканың көмегімен каналдың барлық 22,8 шақырымы толық тазартылды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда магистральды каналдар 40 жылдан кейін алғаш рет тазартыла бастады

Түркістан облысының Жетісай ауданында магистральды каналдар 40 жылдан кейін алғаш рет тазартыла бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай ауданындағы магистральды каналдарды тазалау жұмыстарының барысы мен нәтижелері туралы есепті тыңдады.


«Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы ұзақ жылдардан бері алғаш рет К-21 және К-34 магистральды каналдарында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда К-25 каналында жұмыстар жалғасып жатыр.


Аудандағы ең ірі каналдардың бірі саналатын К-21 каналы үш ауылдық округтегі 20 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде арнайы техниканың көмегімен каналдың барлық 22,8 шақырымы толық тазартылды. Бұл нысанда мұндай ауқымды жұмыстар соңғы 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жүргізіліп отыр.


Ұзындығы 18,5 шақырым болатын К-34 каналында төменгі бөліктегі 7,5 шақырым учаскені тазалау жоспарланған. Вегетация кезеңінде бұл бөлікте суды жеткізуде қиындықтар туындайтын. Енді оны тазалау жұмыстары толық көлемде аяқталды.


Ал ұзындығы 28,2 шақырымды құрайтын К-25 каналы Жетісай ауданындағы үш ауылдық округтің 13 мың гектар жерін суармалы сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұнда 10 шақырым учаскеде механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға бес арнайы техника тартылған. Бүгінге дейін 4 шақырым канал тазартылды.


«Министрлік «Қазсушар» филиалдарын жаңа әрі заманауи арнайы техникамен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бүгінде шамамен 600 техника жеткізілді. Жоспарланған барлық жобаны сапалы іске асыру үшін барлық жағдай жасалған. Каналдарды тазалау жұмыстары вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқталуы тиіс, бұл шаруаларды сумен уақытылы әрі сапалы қамтамасыз ету үшін қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстар үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне және «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалына алғыстарын білдіріп жатыр.


«Былтыр К-34 каналында лайлану мен өсімдіктердің көбеюіне байланысты су жеткізуде қиындықтар болған еді. Қазір жүргізілген жұмыстардың арқасында канал толық тазартылды. Биыл шаруалар су мәселесімен бетпе-бет келмейді деп үміттенеміз. Техника болмағандықтан, мұндай ауқымды тазалау жұмыстары көптен бері жүргізілмеген еді. Министрліктің жұмысының арқасында енді мұндай мүмкіндік пайда болды», – дейді Жетісай ауданындағы Теміржол ауылының тұрғыны Сахтіллә Теміралиев.

Бөлісу