ТҮРКІСТАН: Жетісайда мақта зауыттарының жұмыстарына зерделеу жүргізілді

0
114

Мақсат – техникалық дақылды егетін шаруалардың еңбегін бағалау және өнім жинауда орын алуы ықтимал заңсыздықтардың алдын алу.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда мақта зауыттарының жұмыстарына зерделеу жүргізілді

Жетісайда мақта зауыттарының жұмыстарына зерделеу жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі бастамасымен мақта саласы бойынша күзгі жиын-терім науқанында жұмысшы топ құрылған болатын. Мақсат – техникалық дақылды егетін шаруалардың еңбегін бағалау және өнім жинауда орын алуы ықтимал заңсыздықтардың алдын алу.


Аталмыш топ мүшелеріне аудандағы мақта өңдеу зауыттары мен мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразыларға тиісті бақылау жұмыстарын жүргізу міндеттелген.


Аудан әкімі Серік Мамытов пенаудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы аталмыш топтың жұмысына талдау жүргізу мақсатында бірнеше мақта өңдеу зауыттарында болды.


Зауыт басшыларымен кездесіп, шаруаларға өткізген мақтаның ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салмауды, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін, заңсыздықтар орын алған жағдайда құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар көрілетіндігін қатаң ескертті.


Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 53-і Жетісай ауданында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 24-і Мақтарал ауданында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі.


Айта кетейік, биылғы жылы 43,1 мың гектарға мақта шитін еккен Жетісай ауданда күзгі жиын-терім жұмыстарына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 дана мақта терім комбаиндары жұмылдырылған.

Бөлісу