Жарақаттың түрі мен қауіптілігіне қарай таңу жолдарын оқушыларға түсіндірді.
Жетісай ауданында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сырт көзге көріне бермейтін террорлық әрекеттер кезінде адам шығынын болдырмау, алдын алу шараларын мекемелерде, әсіресе, білім беру ошақтарында тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды. Өйткені, жалпы орта мектептердің оқушылары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері кез-келген төтенше жағдайда өзін жоғалтып, қауіпті сәттерге ұшырауы әбден мүмкін.
Міне, мұндай олқылықтарды болдырмау мақсатында Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты А.Байтұрсынұлы жалпы орта мектебінде өткен оқу-жаттығу шарасы барысында мектепте дабыл соғысымен оқушылар мен ұстаздар түгелдей эвакуациялық ережеге сәйкес іс-әрекет жасап, ашық алаңқайға жиналды. Арнайы белгіленген посттарда төтенше жағдайға байланысты кезекшілік жасаған жоғарғы сыныптың оқушылары кәнігі құтқарушылардай әрекет жасады. Жарақат алғандарды қауіпсіз аймақтарға жеткізді. Қауіпсіз аймақта мектеп медбикелері жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жарақаттың түрі мен қауіптілігіне қарай таңу жолдарын оқушыларға түсіндірді.
«Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – террорлық акт жағдайларында оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да абдырап қалмай ережеге сай әрекет ете алатындықтарына көз жеткізу. Эвакуация барысында өзіне ғана емес, қасындағы сыныптас досына да көмектесу жолдарын үйрету болып табылады» - дейді аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева.
Дабыл қағылған сәттен бастап шұғыл әрекет еткен күштік құрылым өкілдері мектеп қызметкерлері мен оқушыларына террорлық акт болған жағдайда әрекет ету жолдары, өзін-өзі ұстау талаптары, тиісті орындарға хабар беру, қауіпсіздікті сақтау, эвакуациялауды ұйымдастыру талаптары мен дабыл түймесі, турникеттер және бейнекамералар секілді техникалық құралдардың жұмыс істеуі, пайдалану жолдары туралы нұсқаулықтар берді.
«Төтенше және террорлық акт жағдайларына қатысты оқу-жаттығу шараларын жылына 4 рет барлық мектептерде өткізіліп отырады. Оқушыларымызға да, ұстаздарымызға да теориялық білім беру, ережелерді түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу – әрбір білім беру ұйымдары басшыларының тікелей бақылауында тұрған іс», - дейді аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Бауыржан Кеттебеков.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың 2023 жылғы 27 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес білім беру объектісін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру оқу-жаттығуларының басты мақсаты – білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық шеңберінде бекітілген алгоритмді пысықтау болып саналады.