ТҮРКІСТАН: Жетісайда заңсыз жер сатылымының жолы кесілді

0
1 626

Кінәлі қызметкерге тәртіптік шара көрілген.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда заңсыз жер сатылымының жолы кесілді

Түркістан облысы, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 225,4 гектарды құрайтын 34 жер учаскесі бойынша заңсыз жарияланған конкурс жарамсыз деп танылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай аудандық прокуратурасы тарапынан Қазақстан Республикасы Жер Кодексі аясында жарияланған конкурс өткізу туралы хабарламалардың заңдылығына талдау жүргізілген. Талдау барысында аталмыш Кодекстің 43-1-бабы 2-тармағының өрескел бұзылғандығы анықталған.
Аудандық прокуратура қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес конкурсқа шығарылған жер учаскелерінің тізбесі заңда көрсетілген қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісілмеген, орналасу схемасы жолданбаған.
Аталмыш факт Түркістан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жетісай аудандық филиалы мен Жетісай аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан да расталған.
Сонымен қатар, аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан Жер Кодексінің 43-1-бабының 4-тармағы бұзылып, жарияланған хабарламалар кенттер мен ауылдық округтердің әкімдеріне, олардың интернет-ресурстарына және халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерге орналастырылмаған.
Осындай бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған прокуратура қызметкерлері аудан әкімінің атына ұсыныс енгізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 225,4 гектарды құрайтын 34 жер учаскесі бойынша заңсыз жарияланған конкурс жарамсыз деп танылған. Заңсыздықтарға жол берген қызметкерге тәртіптік шара көрілген.