Жамантай Бейсенбаевтың демеушілігімен салынды.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінің қарсаңында Жетісай ауданында Таубай ата кесенесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінің қарсаңында Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінде Жамантай Қанайұлы Бейсенбаевтың демеушілігімен «Таубай ата» кесенесі ашылды. Кесенеге Өзбекстан Республикасы, Фарш ауданы, Ерімбетов совхозындағы Таубай ата құдығы зиратынан Таубай ата мен ел арасында Қыз әулие атанып кеткен қызы Бибігүлдің топырағы әкелініп қойылды.
Іс-шараның салтанатты ашылуына аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен ауданның бас имамы Жорабай Дулатбаев, аудандық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты. Әруақтардың рухына құран бағышталып, дұға жасалды.
Кесененің ашылу салтанатында Таубай Әбдірахманұлы мен Бибігүл Таубайқызына арнап кесене тұрғызып, қасиетті жандардың қазақ топырағына қайта оралуына үлкен үлес қосқан Жамантай Қанайұлына алғыс білдірген ел зиялылары иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Елдің ертеңі мен болашағының жарқын болуын тілесіп, бата жасасты.Нұрбаев Таубай Әбдірахманұлы григорян күнтізбесі бойынша 1746 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылының тұсындағы Сырдария өзенінің сол жақ бетіндегі Қызылқұмда (бұрынғы Кеуректің құмында) дүниеге келген. Атасы Нұрбай мен әжесі Шәмшия діни сауатты, өсіп-өнген, тәрбиелі жандар болған деседі. Өз кезегінде Таубай Әбдірахманұлы да медреседе оқып, діни білім алған. Жастайынан еңбекқор, шымыр, ержүрек болып өскен бала шариғатқа жетік, Құран-Кәрімді жатқа білген. Дарбаза елді мекенінен мектеп-медіресе ашып, жас ұрпақты дін ислам жолына баулыған. Ұстаздық жасап, көптеген шәкірт тәрбиелеген. Бертін келе Қалампыр есімді қызға үйленіп, ұлы Байтұяқ пен қызы Бибігүл туылған. Байтұяқтан Бөрістем, Рүстем, ал, Рүстемнен Дәрістем есімді шөбересі болған. Қазіргі таңда бұлардың ешқайсысынан ұрпақ қалмаған.
Таубай Әбдірахманұлы көзінің тірісінде түрлі дертке шалдығып, шипа іздегендерге Құран-Кәрімнің сүрелері мен аяттары арқылы ем-дом жасаған. Ол XVIII ғасырдағы қазақ халқының басындағы нәубетті жылдарда Қоқан шапқыншыларына қарсы елді бастап, батырлығы мен ерлігі ел ауызында қалған тұлға тұлғалардың бірі. Аңызға сенсек бетпе-бет шайқастарда жеңіліп көрмеген ірі денелі Таубай қылыштасу мен найзаласудың асқан шебері, ұстасқанды алып жығатын қара күш иесі болыпты. Әдетте қол жинап шабатын батыр қапылыс кезеңдерде жауға бір өзі де сүрең сала береді екен. Белдескен мен жауласқандарын әруағы асып, сұсы басып, бет қаратпаған.
Ес біліп, қолына қару ұстауға шамасы келген сәттен бастап өмірінің соңғы сәттеріне дейін Қоқан хандығына қарсы шайқастарда елдің елдігі мен еркіндігі жолында шайқасқан Таубай Нарбаев жасы жетіп, өз ажалымен өлмепті. Батырды қоян-қолтық шайқаста жеңе алмайтынын білген Қоқан бегінің жансызы Қанағатбек Таубайдың құлын дүние-мүлікпен алдап, сырын біледі. Дүниеге қызыққан құл батырдың таңғы бамдат намазы кезінде денесінің босайтынын және ол кісінің қандай жағдайда да намазды бұзбайтынын айтып қояды. Қоқандықтар 1796 жылы таңғы бамдат намазы кезінде ойларын жүзеге асырып, намаз үстінде отырған батырдың басын алған. Бұл хижра жыл санағы бойынша 1217 жыл екен. Әкесі өлтірілгеннен кейін ашу-ызаға булыққан 16 жасар қызы Бибігүл қару-жарағын асынып, қоқандықтармен соғысты жалғастырады. Алайда, оның да басы кесіліп, қан жосиды. Бибігүлдің қаны тиген құмды алқап бүгінде шеңгелді алқапқа айналыпты.