ТҮРКІСТАН: Жетісайда жылыжай мен көкөніс қоймасы салынады

0
105

5 жылда ауданға 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған


ТҮРКІСТАН: Жетісайда жылыжай мен көкөніс қоймасы салынады

Нұралхан Көшеровтің тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов түрік инвесторларымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасын жүзеге асыру аясында аудан әкімі Серік Мамытов түрік инвесторларымен кездесті.


«Горкем Тарым» компаниясының басшысы Горкемоглу Факуруллахпен кездесу барысында қос тарап өндірістік жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасын салу, ауданда өндірілетін жеміс-жидектерді шет елдерге экспорттау, бау-бақша өсіру және мол өнім беретін көшеттерді тасымалдау секілді мәселелерді талқылады. Өз кезегінде Серік Үсенұлы негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын ауданда қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу мүмкіндігі мол екенін, шаруалар мақтамен қатар бақша өнімдерін де көптеп егетінін, шикізат тапшылығы сезілмейтінін айтып, аудан экономикасының артуына септігін тигізетін кез-келген инвестициялық жобаларға заң аясында қолдау көрсетуге, тиісті жұмыстардың ешбір кедергісіз жүргізілуіне ықпал етуге дайын екенін жеткізді.


Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтар мен берілетін несиелердің суммаларының артуы нәтижесінде соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, 2030 жылы бұл көрсеткішті 419,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылдың өзінде жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бөлісу