ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ АҚЫН, ЖАЗУШЫ МЕКЕНБАЙ АТАБАЙҰЛЫ ӨЗІНІҢ САЯСИ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

0
28


ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ АҚЫН, ЖАЗУШЫ МЕКЕНБАЙ АТАБАЙҰЛЫ ӨЗІНІҢ САЯСИ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
ERNUR.KZ. Ақын, жазушы Мекенбай Атабайұлы Жетісай ауданындағы №913 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында өз саяси таңдауын жасады. Қаламгер азаматтық ұстанымын білдіріп, ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске әрбір азаматтың белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті.

«Бүгінгі сайлау – әр азаматтың өз таңдауын білдіретін жауапты сәт. Дауыс беру арқылы біз тек бүгінгі күнге емес, ертеңгі елдің келбетіне де қатысты ойымызды білдіреміз. Сондықтан әр адам өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, елдің болашағына бейжай қарамауы керек деп есептеймін. Қоғам бір орында тұрмайды. Уақыт өзгерген сайын халықтың талабы да, елдің алдында тұрған міндеттер де өзгереді. Осындай кезеңде жұртшылықтың үнін еститін, түрлі көзқарастарды саралайтын және ел мүддесін жоғары қоятын қоғамдық институттардың маңызы арта түседі. Құрылтайдың негізгі мәні де осында деп ойлаймын. Елдің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жастар білімді, белсенді, отаншыл болса, қоғам да алға жылжиды. Сондықтан Құрылтай секілді қоғамдық маңызы бар бастамалар халықтың бірлігін нығайтып, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттыруға қызмет етуі тиіс», – деді қаламгер.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 75 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауды уақытылы бастады. Аудан бойынша дауыс беруге құқығы бар 102 183 азамат тіркелген. Олардың қатарында биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысып отырған 1 719 жас болса, 16 жас - кәмелет жасына бүгін толып отырғандар.