500 балуан 17 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады.
Жетісайда «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісайда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының бастамасымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен халықаралық турнир өтті. Айтулы сында Жетісай ауданының жасөспірім балуандары 15 медаль иеленді.
Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларымен қатар еліміздің барлық облыстарынан келген 32 командада 500 балуан 17 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтаған турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.
Салауатты өмір салтын насихаттай отырып жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарыста арнайы қонақ болған еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов пен ел ағалары байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар жанып, қарсыласын алып та, шалып та жыққан балуандар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы медалдармен және аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттарын табыс етті.
12-14 күндері аралығында 2011-2013 және 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен турнир қорытындысы бойынша командалық есепте 2 алтын және 3 қола медальмен Қырғызстан балуандары ІІІ орынға табан тіресе, Өзбекстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен ІІ орынды иеленді. Ал боз кілемде атой салып, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандарының ізбасарлары 12 алтын, 13 күміс және 26 қола медальмен көш бастады. Оның 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медалі жетісайлық жасөспірімдердің еншісінде.


