​ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер туған ауылына көше салып берді

0
4 301

Бұл бастама «Туған жерге туың тік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.


​ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер туған ауылына көше салып берді

Жетісайлық кәсіпкер өз қаржысы есебінен туған ауылына 5 шақырым жол салып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Нұр ауылында дүниеге келген кәсіпкер Ерғазы Жанкеевтің бастамасы көпшілікке үлгі боларлық іс.

Бүгінде құрылыс-жол саласында еңбек етіп жүрген азамат өзі туып-өскен Нұр ауылында ұзындығы 5 шақырымды құрайтын 3 көшеге өз қаржысы есебінен асфальт төсеп берді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жерге туың тік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан игілікті іске кәсіпкер 50 млн теңге қаражат жұмсаған.

«Менің мұндағы мақсатым – біреуден мақтау есіту немесе қолпаштау, қошемет көру емес, еліме, туған жеріме аз да болса пайдамды тигізу, елдің батасын алу. Өйткені, мені осы ел тәрбиеледі, оң-солымды тануыма аядай ғана ауылым ықпал етті. Біздің алдымызда ағаларымыз жүрген осы жолдармен біз жүріп өстік, енді бізден кейінгі ұрпақ сол жолмен жүріп келеді. Қайырымдылыққа, елдің игілігіне жұмсалған қаржы ешқашан да шығын болып есептелмейді», - дейді кәсіпкер Ерғазы Жанкеев.

Қазіргі таңда кәсіпкер Мақтаарал ауданында 11 көшенің асфальттау жұмыстарын да жоспарға сай жүргізуде.