ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шенділер енді БАҚ өкілдеріне есеп беретін болды

0
1 679

Жетісай ауданы әкімдігіне қарасты 14 бөлім басшысы мен 13 кент пен ауылдық округ әкімдері журналистерге есеп береді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шенділер енді БАҚ өкілдеріне есеп беретін болды

Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына орай енді аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, атқарған жұмыстарының есебін беретін болды. Брифингті бірінші болып аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев бастады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл бастама аудан әкімінің жаңадан тағайындалған баспасөз хатшысы Бейбіт Қазбековтің ұсынысымен жүзеге асуда. Билік пен бұқараның байланысын нығайту мақсатында қолға алынып отырған есеп беру жиындары аптасына екі рет өткізілетін болады. Бұдан бұлай аудан әкімдігіне қарасты 14 бөлім басшысы мен 13 кент пен ауылдық округ әкімдері, келісіміне қарай құзырлы орган басшылары өз жұмыстарының барысымен таныстырып, журналистердің сауалдарына жауап бермек. Жергілікті қаламгерлер тарапынан қолдау тапқан бұл бастама «Кент, округ әкімдерімен бірге сол өңірден сайланған аудандық мәслихат депутаттары да брифингке қатысып, сайлауалды бағдарламасында айтылған мәселелердің орындалуына есеп берсін» деген ұсыныспен толықты.

Сонымен қатар, жиында аудандық басылымдар мен телеарнаның мәртебесі, ақпараттардың шынайылығы мен қолжетімділігі, билік пен БАҚ өкілдерінің арақатынасын нығайту, шеттен келген кейбір журналистер мен блогерлердің негізсіз жалған ақпарат таратуларына жол бермеу, мерзімді баспасөзге жазылуды әділ ұйымдастыру сынды мәселелер де кеңінен сөз болды.

Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес БАҚ өкілдерімен брифинг өткізуді Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев бастады. Ауданның бірінші ұстазы 2018-2019 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді, жіберілген кейбір кемшіліктерді саралап, биылғы оқу жылына жасалған жоспарларымен бөлісті. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жиын соңында білім бөлімі тарапынан атқарылып жатқан ілкімді істерге оң бағасын берген аудан журналистері Тұрсын Мырзалиевтің ісіне сәттілік тілеп тарқасты.