Түркістанда 26 кохлеарлық имплантация сәтті жасалды

0
106

Жоба өткен жылдың шілде айында Түркиядан келген профессорлардың қатысуымен өткен шеберлік сыныптары аясында 3 кохлеарлық имплантация жасаудан басталды.


Түркістанда 26 кохлеарлық имплантация сәтті жасалды

Түркістан қалалық орталық ауруханасында 26 кохлеарлық имплантация сәтті жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өткен жылы Түркістан қалалық орталық ауруханасы өңірдегі медициналық тәжірибеде үлкен серпіліс жасап, алғаш рет оториноларингология саласындағы заманауи жоғары технологиялық оталардың бірі – кохлеарлық имплантация жүргізе бастады. Бұл жоба – аурухананың жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып қана қоймай, есту қабілетінің ауыр бұзылысы бар пациенттерге жаңа мүмкіндіктер ашты.


2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың қарашасына дейінгі кезеңде стационар 26 сәтті ота жасады. Жоба өткен жылдың шілде айында Түркиядан келген профессорлардың қатысуымен өткен шеберлік сыныптары аясында 3 кохлеарлық имплантация жасаудан басталды. Ал биыл қараша айының 29-30 күндері арасында 16 ота жасалып, аурухананың рекорды жаңартылды. Ота барысында әлемнің жетекші компанияларының импланттары пайдаланылды. Барлық оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізілді.


Күрделі технологияларды енгізуде халықаралық тәжірибе алмасудың арқасында түркістандық дәрігерлердің біліктілігі артты. Нақтырақ айтқанда, Түркиядан келген профессорлар Режеп Карамерт пен Айше Пелин Игидер өңір дәрігерлерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.


Аурухана басшылығы жыл сайын оталардың санын арттыруды, сондай-ақ кохлеарлық имплантациядан өткен пациенттерге арналған оңалту бағдарламаларын дамытуды, шетелдік клиникалармен ынтымақтастықты кеңейтуді, оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптарының санын көбейтуді жоспарлауда.


Айта кетейік, 2023 жылға дейін бұл санаттағы оталар тек Астана мен Алматының озық клиникаларында жасалған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауының, әлемдік сарапшылармен ынтымақтастықты және материалдық-техникалық базасын дамытудың арқасында Түркістан қалалық орталық ауруханасы бұл қызметті жергілікті тұрғындарға ұсынған алғашқы мекеме болды.

Бөлісу