Екі аяғынан айырылған сегіз жасар Алуаға мемлекет протез салып беретін болды

0
111

​Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлім етті.


Екі аяғынан айырылған сегіз жасар Алуаға мемлекет протез салып беретін болды

Фото: facebook.com/giniyat.azhar

ERNUR.KZ. Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Астанадағы автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған Алуаға мемлекет протез салып беретінін мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бала реабилитациядан да тегін өтеді. Бұған дейін Балаларды оңалтудың ұлттық орталығын басқарып отырған Ажар Ғиният бала бірден сауықтыру емдерін бастайды деген еді.

«Баланың аяғына протез салу, оны реабилитациядан өткізуге кететін шығындарды мемлекет толық өз мойнына алады. Кеше БАҚ өкілдері баланы Ақмола облысы Егіндікөл ауданының ауруханасына тіркейді деген мәлімет таратты. Дәрігерлер баланың тез оңалып кетуі үшін оған арнап жеке реабилитация бағдарламасын әзірлейді. Баланы мемлекет толық өз қамқорлығына алады», - деп мәлім етті Жақыпова.

Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.

9 маусым күні елорда әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.