Түркістанда «Ана мен бала» және оңалту орталығы салынып жатыр

0
81

Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары жүргізілуде.


Түркістанда «Ана мен бала» және оңалту орталығы салынып жатыр

Түркістанда «Ана мен бала» орталығы және оңалту орталығы бой көтеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді.


Алдымен аппарат басшысына облыс орталығында салынып жатқан «Ана мен бала» орталығындағы жұмыстар таныстырылды. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан перзентхана – 80 төсек-орындық. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр. Орталық 3,3 гектар аумақта орналасады. Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары жүргізілуде.


Осы күні аппарат басшысы Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта бой көтеріп жатқан оңалту орталығының жұмысымен танысты. Нысанның құрылысын «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүргізуде. Тапсырыс беруші – «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT» ЖШС. Ғимараттың жалпы алаңы - 2 227,41 шаршы метр. Жоба бойынша орталық аумағында балалар алаңшасы қарастырылған. Орталық толық заманауи жабдықтармен жабдықталып, айналасы көгалдандырылады.


Жұмыс барысын пысықтаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғалар мен мердігерлерге құрылыс барысында өңірде шығарылатын материалдарды қолдануды, ғимарат ішін отандық өнімдермен жабдықтауды тапсырды. Нысанды өндірістік кестеде көрсетілген мерзімде тапсыруды міндеттеп, «сақалды құрылысқа» жол жоқ екенін баса айтты. Құрылыс сапасы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында екенін жеткізіп, орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.

Бөлісу