Оның ішінде 36 саябақ, 80 сквер мен аллея, 168 көше және 16 жасыл алқап бар.
Түркістан қаласының 772 гектар аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы инфрақұрылымдық даму мен көгалдандыру жұмыстары бойынша кезекті жиын өтті.
Жиын барысында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы жоспарлар пысықталды.
Биыл Түркістан қаласы бойынша көгалдандыру жұмыстары 772 гектар аумақты қамтыды. Оның ішінде 36 саябақ, 80 сквер мен аллея, 168 көше және 16 жасыл алқап бар. Қала аумағындағы көгал көлемі – 345 гектарды, гүлдер алқабы – 8 гектарды құрайды. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 238 мыңнан астам ағаш пен бұталарды егу қарастырылған. Көктемгі маусымда 80 375 түп ағаш және 67 310 түп бұта отырғызылса, күзгі кезеңде қосымша 134 250 түп ағаш пен 129 350 түп бұта егіледі. Сонымен қатар, 128 гектар аяқжол аумақтарына да көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың негізгі көшелері – Аэропорт тас жолы, Қызылорда тас жолы, Б.Саттарханов даңғылы, Жаңа қаладағы көшелер мен аулаларда әртүрлі ағаш түрлері отырғызылса, саябақ аймақтарына 53 мыңнан астам гүлдер мен маусымдық өсімдіктер егу жоспарланған.
Негізгі жұмыстар қатарында ағаштар мен бұталарды отырғызумен бірге, гүлзарларды абаттандыру және «Лаванда алқабы» сияқты арнайы жобаларды жүзеге асыру бар. Аэропорт жолы мен Б.Саттарханов даңғылы қиылысында орналасатын «Лаванда алқабының» жалпы аумағы 21 791 шаршы метрді құрап, онда 65 мыңнан астам лаванда гүлдері отырғызылмақ.
Жалпы биыл күзгі маусымында 134 250 ағаш пен 129 350 бұта отырғызу қарастырылған. Қаланың 25 көшесі мен 11 демалыс нысаны аумағында ағаш отырғызу жоспарлануда.
Жиын барысында қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жауапты басшыларға егілген көшеттердің күтімін жүйелі ұйымдастыруды, гүлдендіру мен абаттандыру жұмыстарын маусымдық кестеге сай жүргізуді қатаң ескертті.