Аталған жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары және Түркістан қаласының тұрғындары қатысты.
ERNUR.KZ.Түркістан қаласында Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің қолдаулары және «Түркістан облысының ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстанның алтын арқауы – ақсақалдар өнегесі» атты рухани-мәдени жиыны өтті. «Жаңа Қазақстанның алтын арқауы – ақсақалдар өнегесі» атты іс-шарасының мақсаты – ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеу, жастарға тағылымды тәрбие беру және ел бірлігін нығайтуда аға буынның рөлін насихаттау.
Аталған жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары және Түркістан қаласының тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 2025 жылғы 3 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын жеткізді. Сонымен бірге, мемлекет басшысы Түркістанды «Ата жұртымыздың алтын қазығы» деп атап, қаланың ел тарихында айрықша орны бар екенін, оның рухани және тарихи мәртебеге лайық екенін айтқанын атап өтті.
Кездесу барысында «Түркістан облысының ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы бірлестік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Ұласбек Сәдібеков Ұласбек, Нұрсұлтан Байтілесов өз ойларымен бөлісті.
Ақсақалдарымыз – халқымыздың ұйытқысы, елдің бірлігін бекемдейтін, жас ұрпаққа жөн сілтейтін дана тұлғалар екеніне тоқталды.
Сонымен бірге, бүгінгі қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін даналық мектебі ретінде ақсақалдар институтының беделін арттыру бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.