Түркістанда «Артық білім кітапта…» апталығы басталды

0
103

Бұл апталық — кітап пен оқырманды жақындастыратын, рухани кеңістікті кеңейтетін маңызды бастама.


Түркістанда «Артық білім кітапта…» апталығы басталды

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бірлесіп, Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Артық білім кітапта…» атты мәдени-танымдық апталықтың ашылуын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Апталықтың мақсаты — қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайту және ұлттық әдебиетті насихаттау.

Ашылу салтанатын ҚР Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ақын Айдар Бастарбекұлы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы ашып, қатысушыларды рухани мерекемен құттықтады.

Ашылу салтанаты аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, сахна төрінде ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің бейнесі сомдалып, «Кел, балалар, оқылық» өлеңі әсерлі оқылды. Сонымен қатар 30 оқушыдан құралған топ Абай Құнанбайұлының «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін мәнерлеп орындап, көрерменге терең ой салды.

Композиция құрамында «Фараб» кітапханасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жастары балалармен бірлесе отырып, ұлт зиялыларының кітап пен білім туралы қанатты сөздері негізінде біртұтас әдеби композиция ұсынып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Кештің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Роза Сыздыққызы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының және Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Несіпкүл Мейманханқызы, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Бақытжан Жармаханұлы болды.

Сондай-ақ ақын Асылзат Арыстанбек, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова және жас ақын, журналист Бауыржан Ерман қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Салтанатты шара аясында облыстық кітапханалардың мерейлі жылдарына орай арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылды. 2026 жылы «Фараб» кітапханасына – 5 жыл, ал Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасына – 65 жыл толуына байланысты олардың қалыптасу тарихы, жетістіктері мен рухани мұрасы кеңінен таныстырылды.

Келушілер назарына сирек басылымдар мен құнды кітап қорлары ұсынылып, кітапханалардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты көрсетілді.

Апталық аясында кітапхана кеңістігі мазмұнды локацияларға бөлініп, әр қабат өз алдына бір-бір рухани әлемге айналды. Әр алаң келушілерге түрлі бағытта ой салып, шығармашылық пен танымды ұштастырған ерекше орта ұсынды.

Фойеде орналасқан «Саз өнері» мен «Ой алаңы» шығармашылық пен зияткерліктің тоғысқан мекені болды. Құмыра жасау шеберлік сағаты арқылы келушілер қолөнердің қыр-сырын меңгерсе, шахмат ойыны ой ұшқырлығын шыңдауға мүмкіндік берді.

Оқу залындағы «Қалам үні» алаңы сөз өнерінің шынайы мінберіне айналды. Бұл жерде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Роза Сыздыққызы мен Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Несіпкүл Мейманханқызы оқушылармен мазмұнды кездесу өткізді. Қаламгерлер өз шығармашылық тәжірибелерімен бөлісіп, сөз өнерінің мәні мен жауапкершілігі туралы ой қозғады. Оқушылар еркін пікір алмасып, сұрақтарын қойып, рухани әрі танымдық әсер алды.

Балалар бөліміндегі «Ой start» алаңы Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп, кішкентай оқырмандарға арналған танымдық әрі зияткерлік ойындар ұсынылды. Бұл кеңістік балалардың қызығушылығын оятып, білімге деген құштарлығын арттырған әсерлі алаңға айналды.

Мархабат Байғұт залындағы «Жан zone» алаңында өткен кездесу қатысушыларды ішкі әлеміне үңілуге жетеледі. Асылзат Арыстанбекқызымен болған сұхбатта рухани даму, жан тыныштығы мен тұлғалық үйлесім туралы тағылымды ойлар қозғалды.

Ал ғылыми-зерттеу бөліміндегі «Өнер импульсі» шығармашылық пен идеялардың тоғысқан алаңына айналды. Айдар Сейдәзім мен Сайлаухан Жоланов қатысқан кездесуде өнердің мәні мен шабыттың бастауы туралы мазмұнды пікір алмасу өтті.

Осылайша, әр локация өз мазмұнымен ерекшеленіп, кітапхананы тұтас бір рухани кеңістікке айналдырды.

Бұл апталық — кітап пен оқырманды жақындастыратын, рухани кеңістікті кеңейтетін маңызды бастама.

Бөлісу