Эстрада жұлдыздары ән шырқады.
Түркістанда Бағлан Омаровтың «Кездесу мен қоштасу» атты шығармашылық ән кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет саласының үздігі, продюсер, композитор Бағлан Омаровтың 60 жылдығына арналған «Кездесу мен қоштасу» атты шығармашылық ән кеші өтті. Салтанатты шараның шымылдығын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөзбен ашып, шығармашылық табыс тіледі.
– Қасиетті Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары деп есептеймін. Тарихи шаһардың жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Бағлан Омаровтың орны ерекше. Тарихи өлке Отырарда дүниеге келіп, өмірі де, өнері де өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешіп келе жатқан сазгердің шығармашылық кеші құтты болсын. Жарты ғасырға жуық ғұмырын шығармашылыққа арнап, сол уақыттан бері бірнеше буынның жатқа айтар әндерін жарыққа шығарды. Бағлан Қалтайұлының жүрек қылын қозғайтын туындылары қазақ ән өнерінің классикасына айналды. Шығармашылық жолынан бөлек, продюссер ретінде де өзіндік қолтаңбасы бар ағамыз әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, талай буынның бағыт сілтер бағдарына айналып келеді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараны Жанатбек Байтеков пен Айгүл Иманбаева жүргізді. Руханият кешінде Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Махан, Ұлықпан Жолдасов, Мейрамбек Беспаев, Асқар Жүнісбеков, Айгүл Иманбаева, Ғани Мәтебаев, Қуандық Рахым және шетелдік танымал өнер жұлдызы Лаэлия Алиева, «Музарт» тобы, сонымен қатар жас өнерпаздар сазгердің шығармаларын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Бағлан Омаров 1994 жылдан бері жеке шығармашылықпен айналысады. Ол «Үшқоңыр» фольклорлы этнография ансамбілін құрған және оның көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді. Сонымен қатар «Азия дауысы», «Жас қанат», «Жаңа ғасырға жаңа ән» халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Талай әншінің жұлдызын жаққан сазгер Рамазан Стамғазиев, Гауhар Қаспақова, Құрмаш Мақанов, Бейбіт Сейдуәлиева, Мәдина Садуақасова, Досымжан Таңатаров, Мирас пен Құралай, Жұбаныш Жексен сынды әншілер мен «МузАрт», «Серпер», «СүнЕкеш» секілді топтардың құрылуына көмектесіп, шығармашылық жолын ашты.
Бағлан Қалтайұлының «Кездесу мен қоштасу», «Армандаймын адам боп жаралғасын», «Аққуым», «Не деген көркем едің», «Сәби бақыты», «Түркістан», «Құтты ұям», «Туған жер», «Мен сені құлай сүйдім» тағы басқа әндері халық арасында кеңінен таралған. Оның «Тұраным – ұраным» күй поэма, «Қоңыржай», «Шарын» , «Сарын» және тағы басқа күйлері бар.
Сондай-ақ Құрманғазы атындағы академиялық оркестрі, «Отырар сазы» оркестрі, Мемлекттік хор капелласы, Дина Нұрпейісова атындағы оркестрі, «Нарын» оркестрі, Маңғыстау облысы Абыл Тарақұлы атындағы оркестрі, «Сазген сазы» ансамбілі, «Көк түріктер» ансамблі секілді ұжымдардың шығармаларын таспалап алтын қорға енгізген.


