«Банк Центр Кредит» АҚ-ның вице-президенті банк жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Банк Центр Кредит» АҚ-ның вице-президенті және Басқарма мүшесі Нұрлан Шегебаев және «Банк Центр Кредит» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Нұрсұлу Егембердиевамен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу барысында қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ халыққа қолжетімді қаржылық қызметтер ұсыну бағытында өзара тиімді әріптестік орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірде қаржы институттарының үлесін арттыру экономиканың тұрақты дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
– Түркістан облысында 2 миллионнан астам адам бар. Өңірде өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың саны да көп. Әрбір кәсіпкердің дамуы біз үшін басты басымдық. Себебі шағын және орта бизнес – өңір экономикасының қозғаушы күші. Осы ретте, қаржы ұйымдарының белсенділігі де аса маңызды. Сондықтан біз кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға әрдайым дайынбыз. Сіздермен әріптестікті дамыту арқылы өңірдегі кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады деп сенеміз, – деді Қанат Қайыпбек.
«Банк Центр Кредит» АҚ-ның вице-президенті банк жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Түркістанда «Банк Центр Кредит» АҚ Түркістан облыстық филиалының ашылғанын айтып, жаңадан тағайындалған өңірлік филиал директорын таныстырды. Алдағы уақытта жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін жеткізіп, нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыстарды жалғастыруға келісті.


