ҚР Оқу-ағарту министрі қатысты.
Түркістанда ҚР Оқу-ағарту министрінің қатысуымен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжілісі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Сонымен бірге министрлік өкілдері, аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары, құзырлы орган өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, облыстық және аудан, қала деңгейдегі әдіскерлер, облыстық білім мекемелерінің басшылары және мектеп директорлары қатысты. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.
Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде биыл 13-24 қараша аралығында Түркістан өңіріндегі 5 аудан, қаладағы 235 мемлекеттік орта білім беру ұйымында кешенді мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен саладағы бірқатар жүйелі кемшіліктер бар екені анықталды. Бұл туралы мәжілісте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Елнұр Дәуенов баяндамасында айтып өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан өңірінің әлеуеті зор екеніне тоқталып, білім саласы қызметкерлерін ауызбіршілікпен жұмыс істеуге шақырды.
«Қай заманда да ұстаздар, ағартушылар өзінің зиялы сөзімен, білімімен, жүріс-тұрысымен көпке үлгі болып, қоғамды ағартқан. Елді бірлікке, жақсылыққа, ізгілікке бастаған. Ұстаздар қауымына үлкен міндет жүктелген. Сіздер адал қызмет етіп, ұрпаққа білім беріп, Түркістан облысының идеологиялық жұмыстарына көмектесулеріңіз керек. Саладағы біраз мәселелер анықталып, талқыланды. Енді біз ойлануымыз керек. Өйткені, білім саласы ол – мемлекеттің қауіпсіздік саласы. Алдағы уақытта Түркістан өңірі білім саласында биік белестерден көрініп, рухани орталық екенін дәлелдей түседі деп сенемін. Министрлік тарапынан тарихи өңірге қолдау көрсету жалғаса береді», – деді Ғани Бейсембаев.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім саласына қолдау көрсету, білімді ұрпақ тәрбиелеу – ең басты міндет екенін жеткізді. Өңірде білім сапасын жақсарту, материалдық базаны жаңарту, мектептер салу, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясындағы жұмыстарды баяндап, білім саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын мәлімдеді.
«Сіздерді алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі жиында – білім беру ісіндегі жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді саралап, алдағы міндеттерді талқылаймыз. Мен облыс әкімі қызметіне кірскен сәттен бастап, осы саладағы мәселелерді зерделеп, жұмыс жоспарын жасадық. Аудан, қалаларға іссапарларымда әкімдермен бірге міндетті түрде білім бөлімі басшыларының да есептерін тыңдаймын. Мәселелерді анықтап, осы саладағы жұмысты бақылап жүремін. Себебі, білім саласын дамытпай, қоғам дамуы қиын. Түркістан облысы бюджетінің 48,2 пайызы білім саласына бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мектеп тапшылығын жою, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатта облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынуда. Биыл осы мектептердің 20-сы оқушыларды қабылдайды. Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 млрд. теңге қаралды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд. теңге қаржы бөлдік. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын оқушылар түгел ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін оған облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге қаржы қаралды. Біз білім беру саласына қолдау көрсетуді, білім сапасын жақсарту, саладағы кемшіліктерді жою, білім бөлімі басшылары мен директорларының жауапкершілігін көтеру жұмыстарын жалғастыра береміз», – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, білім саласындағы мәселелерді шешу бағытында Жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінгі күні жалпы 1032 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алуда. Ал 1409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Сонымен бірге өңірдегі 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды.