Түркістанда бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды

0
39

Марапат иелері береке-бірліктің арқасында елді өркендету ісіне атсалыса беретіндіктерін жеткізді.


Түркістанда бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды

Түркістанда бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 25 қазан – Республика күніне орай өңірдегі татулық пен келісімді сақтауға, этностар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар азаматтар арнайы марапатталды.


Іс-шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев марапат иелерін құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.


– Сіздер қоғамдық келісімді сақтау және еліміздің егемендігін нығайту бағытында аянбай еңбек етіп келесіздер. Өңіріміздің жетістіктерін насихаттауға және бірлігін бекемдеуге, Мемлекет басшысының реформалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігін арттыруға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Салтанатты шара барысында бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, сондай-ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.


Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы мен алғыс хаттары және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаты табыс етілді.


Жиын соңында марапат иелері береке-бірліктің арқасында елді өркендету ісіне атсалыса беретіндіктерін жеткізді.

Бөлісу