Ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген.
«Домалақ ана» операсы алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрында сахналанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қалалық опера және балет театры Түркістан қаласына гастрөлдік сапармен келді. «Түркістан – Ұлы дала мекені» атты іссапары аясында Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсы алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрында сахналанды.
"Түркістанның өнер сүйер, театр сүйер қауымы қалыптасқан. Оған Түркістан музыкалық драма театры, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры, «Конгресс Холл» кешеніндегі «Jana lep» шығармашылық өнер ұжымы еңбек сіңіріп, жаңа орта қалыптастырып келеді. Түркістанға өткен жылы Астанадан, Алматыдан шығармашылық ұжымдары келді. Бүгін Шымкенттен танымал өнер ұжымы келіп отыр. Таяуда Майра Мұхамедқызы облыс басшысына гастрөлдік сапармен келу жөнінде арнайы ұсыныс айтқан болатын. Нәтижесінде 170 өнерпаздан құралған өнер ордасы Түркістанға арнайы келіп отыр. Түркістан облысының құрылғанына 5 жылдан асып, келесі бесжылдыққа қадам басып отыр. Сол бес жылдықтың бірінші жетістігі – Түркістан өзінің жаңадан түлеу дәуіріне, рухани-мәдени кемелдену кезеңіне қадам басты. Оның ішінде өнер адамдарының, талантты жұлдыздардың қолдауы ауадай қажет. Қазақ елі ғана емес, әлемдік операда, әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүрген Майра әпкеміз арнайы ықылас білдіріп, Түркістанға келді. «Домалақ ана» – қазақтың ұғымындағы керемет асыл әжелеріміз бен асыл аналардың қастерлі бейнесі, көрінісі. «Домалақ ана» операсы Шымкентте ел назарына ұсынылған, енді Түркістан қаласында алғаш рет қойылғалы отыр. Мұның барлығы аналар бейнесінің, ханымдар образының жалғасы, аналарға көрсетілген құрмет деп санаймыз. Сондықтан да аталған осы ұжымға облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының атынан шынайы алғысымды айтқым келеді. Алда келе жатқан үлкен мерекелеріміз құтты болсын!",– деді Бейсенбай Тәжібаев.
"Мәртебелі көрермен! Бұл қойылым Түркістан қаласында алғаш рет, ал жалпы 50-ші рет сахналанып жатыр. Іссапарымызды киелі жерге тағзым ретінде жасап, бұдан соң әлемнің әртүрлі елдеріне жалғамақпыз. «Домалақ ана» операсын сахналау егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болып отыр. Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде қасиетті «Домалақ ана» туралы оқиға тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратын шығармалардың бірі екендігі сөзсіз. Аналарымызды ұлықтамай, ұлыларды дәріптемей ұлы өнерді жасадық деу артық. Операмыздың мақсаты да өңірімізге жан-жақтан келген туристер үшін дәстүрімізді, тарихымызды, мәдениетімізді дәріптеу болып саналады", – деді Майра Мұхамедқызы.
Ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нуриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі. Опера тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кеңпейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдениетін кеңінен қамтиды. Қойылым соңында көрермен өнер ұжымына зор қошемет көрсетіп, ризашылығын білдірді.
Идея авторы – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, қойылымның композиторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров, қоюшы-режиссер – Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Мәди Өмірзақов, қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев.