Түркістанда экопарк құру жұмысы пысықталды

0
69

Жаңа саябақ «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты аумақтан салынбақ.


Түркістанда экопарк құру жұмысы пысықталды

Түркістан облысының әкімі экопарк салынуы жоспарланған аумаққа барып, жауаптылармен бірге жобаны талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі мегаполистер мен облыс орталықтары маңындағы аймақтарда экопарктер құру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында да тиісті жұмыстар басталып жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласы маңынан экопарк салынуы жоспарланған аумаққа барып, жауаптылармен бірге жобаны талқылады.


Биыл Түркістан қаласында 50 гектар аумаққа экопарк құру жоспарланып отыр. Жаңа саябақ «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты аумақтан салынбақ. Экопаркте 10 000-ға жуық ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаш түрлеріне басымдық берілмек.


Қазіргі таңда экопарк аумағында тазалық, көгалдандыру және демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға дайындық жүріп жатыр. Оған 150 адам жұмылдырылып, 10 техника тартылған.


Жауаптыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырған Нұралхан Көшеров одан кейін халықаралық әуежайға апаратын жол бойындағы көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Түркістан облысында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

Бөлісу