Smart Shuttle Bus Turkistan жобасы Түркістанның негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын бір маршрутқа біріктіреді.
Түркістанда экскурсиялық автобус іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету және қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Smart Shuttle Bus Turkistan қалалық экскурсиялық маршруты іске қосылды.
Жаңа жобаның жұмысымен алғашқылардың бірі болып Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысты. Қала басшысы туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусына мініп, оның жайлылығы, қауіпсіздігі және қызмет көрсету мүмкіндіктерін арнайы тексерді.
Smart Shuttle Bus Turkistan жобасы Түркістанның негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын бір маршрутқа біріктіреді. Маршрут әуежайдан басталып, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен-сарай туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бағыттарын қамтиды.
Жоба аясында туристерге арналған заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Атап айтқанда, QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік Turkistan Pass жүйесі, үш тілдегі аудиогид, Telegram және WhatsApp чат-боттары, онлайн карта мен GPS мониторинг қызметтері қолжетімді болады. Сонымен қатар жолаушылар автобустың нақты уақыттағы қозғалысын және келу уақытын бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Экскурсиялық автобустар Wi-Fi желісімен, кондиционермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Қозғалыс аралығы 15–20 минутты құрайды. Автобус күн сайын Визит центр автотұрағы мен Керуен сарай алдынан сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, «Red Bus» экскурсиялық автобусының сыйымдылығы 65 орынға арналған. Билет құны балалар үшін – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге. Баға құрамына трансфер, гид және координатор қызметтері кіреді.


