Байқау бүлдіршіндердің көңілдерін серпілтуге арналды.
Түркістанда қамкөңіл балаларға арналған байқау өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы №24 Мұстафа Шоқай атындағы жалпы орта мектебінде қамкөңіл балаларға арналған «Ең ерекше жұлдыз - 2021» атты қалалық байқау өтті. Аталған сайыста 5 мектептен келген 8 оқушы өзара бақ сынап, өнер көрсетті.
«Байқау бүлдіршіндердің көңілдерін серпілтуге арналды. Ерекше балалардың өнері мен шығармашылықтары қашанда жоғары болатыны белгілі. Олардың қоғамнан шет қалмай, өздерін еркін сезінулері үшін ұйымдастырылған шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Демеушілік танытқан және де қолдау білдірген жандарға алғыс білдіремін»,- деді байқаудың ұйымдастырушысы, М. Шоқай атындағы мектептің инклюзивті қолдау кабинетінің меңгерушісі Ақтолқын Нұржауова.
Өз кезегінде бүлдіршіндер «Мектептегі бір күнім» атты видеоролик, «Мен ең мықтымын» және «Менің жұлдызды сәтім» сынды үш кезеңде білімдері мен өнерлерін көрсетіп бақты. Бұл сындарға балғындар өздерінің педагог мамандарымен бірге қатысты.
Айта кетейік, сайыс педагог-дефектолог мамандардың өзара тәжірибе алмасуларына мол мүмкіндік берді. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегер өрендер арнайы сыйлықтармен марапатталды.