Түркістанда қазақ күресінен Қазақстан кубогі өтіп жатыр

0
106

369 балуан қатысып, өзара мықтыны анықтауда.


Түркістанда қазақ күресінен Қазақстан кубогі өтіп жатыр

Түркістанда қазақ күресінен Қазақстан кубогі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан кубогінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған 369 балуан қатысып, өзара мықтыны анықтауда.


Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Qazaq Kuresi» қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов және Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Облыс әкімінің орынбасары ұлттық спорттың дамуына серпін беретін осындай жарыстардың маңыздылығын атап өтті.


–Бүгін түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогі басталды. Қазақ күресі – біздің ұлттық рухымыздың, батырлық пен терең тарихымыздың көрінісі. Еліміздің ең мықты балуандары бүгін Түркістан төрінде бас қосып отыр. Бұған дейін Түркістан қаласында қазақ күресінен «Turan Barysy», «Әлем кубогы» «Азия Кубогы» сияқты ірі халықаралық турнирлер өткен. Бұл, Түркістан үшін қазақ күресінің орны айрықша екенін көрсетеді. Қазіргі таңда облыстағы 30 спорт ұйымында қазақ күресі бөлімшелері жұмыс істейді. Атап айтсақ, 6 облыстық, 24 аудандық және қалалық. Аталған мекемелерде 140 білікті бапкер 3 мыңнан аса спортшыны даярлауда. Сонымен қатар әлемнің 40-тан астам мемлекетінде Қазақ күресі федерациясы жемісті қызмет атқарып, бұл спорт түрін әлемге танытуда. Қазақ күресі майталмандарының Түркістанда бас қосқаны – біз үшін үлкен қуаныш! – деді Ертай Кенжебекұлы.


Айтулы дода – тек үздік балуандарды іріктейтін алаң ғана емес, қазақ күресінің мәртебесін арттырып, жас спортшыларға жігер сыйлайтын маңызды жарыс. Сонымен қатар турнирдің басты мақсаты – спортшылар арасындағы достықты нығайту және ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттау. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Әлем кубогына жолдама беріледі.


Жарыс бағдарламасына сәйкес, ерлер арасында 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі, сондай-ақ түйе балуан салмақ дәрежелері бойынша жүлдегерлер анықталады. Әйелдер арасында 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келі салмақтарында белдесулер өтеді. Бұдан бөлек, турнир аясында аралас командалық сайыс ұйымдастырылған.


Айта кетсек, 26-29 наурыз күндеріне жоспарланған жарысқа «Sport Qory» спортты қолдау қоры демеушілік көрсетуде.

Бөлісу