Түркістанда кесененің реставрация тарихына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

0
75

Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін кешенді ғылыми тұрғыда зерттеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ескерткіштің түпнұсқалық келбетін қорғау мен қалпына келтірудің өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. С


Түркістанда кесененің реставрация тарихына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Ясауи музейінде «Қ.А.Ясауи кесенесінің зерттелуі және реставрация тарихы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар жоғары деңгейде өтті.

Аталған маңызды ғылыми жиын тарихи-мәдени мұраны сақтау мен жаңғырту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналып, түрлі елдерден келген ғалымдар мен сарапшылардың тәжірибе алмасуына, ғылыми пікірталас пен мазмұнды диалогты дамытуға мол мүмкіндік берді. Сонымен қатар жиынға музей-қорық қызметкерлері мен БАҚ өкілдері де қатысты.
Семинардың ашылуында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тілеп, мұндай ғылыми кездесулердің ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызын атап өтті. Ал іс-шараны музей-қорықтың сәулет-реставрациялау жұмысы жөніндегі бөлімнің басшысы Сәдуақас Ағытаев жүргізіп, жиынның мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне ықпал етті.
Халықаралық семинарға отандық және шетелдік ғылыми ортада танымал тұлғалар – суретші-реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбеков, «Қазқайтажаңарту» РМК-ның бас маманы Қанат Тұяқбаев, сәулет докторы Лейла Тұрғанбаева, Ресей Федерациясының жоғары санатты инженер-реставраторы Виктор Дорохов, химик-технолог, PhD докторы Людмила Дубровская, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы, сәулетші Еркеболат Токмагамбетов және өзге де білікті мамандар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін кешенді ғылыми тұрғыда зерттеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ескерткіштің түпнұсқалық келбетін қорғау мен қалпына келтірудің өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар кесенені сәулет өнерінің теңдессіз жауһары ретінде тиімді пайдалану, оны болашақ ұрпаққа аман жеткізу жолдары жан-жақты қарастырылды.
Іс-шара аясында Қ.А. Ясауи кесенесінің зерттелу және реставрациялану тарихына арналған арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар тарихи деректермен танысып, құнды жәдігерлердің кескінін тамашалады. Бұл халықаралық семинар – мәдени мұраны сақтау жолындағы ғылыми ізденістерді тоғыстырған, тәжірибе мен білім алмасудың өзегі ретінде маңызын айқындай түсті.
Айта кетейік, семинар жұмысына Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген және отандық тарих, археология, сәулеттану салаларының жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Қатысушылар реставрация саласындағы заманауи әдістер мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін талқылап, тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті.