Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар пайдалануға беріледі

0
60

1500 жанкүйер сиятын трибуна, 4 жабық және 2 жаздық қора мен манеждің құрылыс жұмыстары аяқталған.


Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар пайдалануға беріледі

Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар бой көтерді. Бүгінде маңызды нысанның ашылу салтанатына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанға кезекті рет барып, құрылысты қадағалады. Құрылысқа және нысанның сәулетіне қатысты ескертпелерін айтып, дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.


– Бұл атшабар спорттық қана емес, өңірдегі туристік нысандардың біріне айналуға тиіс. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға толық жағдай жасалады. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.


Ипподромның құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС жүргізген. Электр, су, жылу, кәріз жүйелері жүргізілген. 1500 жанкүйер сиятын трибуна, 4 жабық және 2 жаздық қора мен манеждің құрылыс жұмыстары аяқталған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Көкпар алаңында тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылған. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалған.


Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында атшабардың ашылу салтанаты өтіп, Ұлыстың Ұлы күніне арналған іс-шаралар, спорттың 10-ға жуық түрінен халықаралық жарыстар өтеді. Атап айтсақ, көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия Кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, асық атудан Әлем кубогы және қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі өтеді. Сонымен қатар аламан бәйге мен «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылып, 1000 адам бір мезетте асық ойнап, рекорд жасалмақ.


Облыс әкімі атшабарды аралаған соң Түркістандағы өзге де құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы атқару міндеті жүктелді. Өңірдегі құрылыс жұмыстары – тұрақты бақылауда.

Бөлісу