Лагерге республикамыздың барлық өңірінен және көршілес Өзбекстан мемлекетінен арнайы жастар қатысуда.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған «Бірлік» халықаралық жастар лагерінің ашылуына арналған пленарлық отырыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Лагерге республикамыздың барлық өңірінен және көршілес Өзбекстан мемлекетінен арнайы жастар қатысуда.
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руфина Усанова модератор ретінде жүргізді.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің мүшесі Элмурод Эркинов және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі Нодиржон Хасантаев қатысып, жастарға ізгі тілектері мен лебіздерін білдірді.
Пленарлық отырыс барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жастардың рөлі, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өңірдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген қызметкерлер мен жастар марапатталды.
Үш күнге жоспарланған лагерь аясында қатысушылар үшін көшбасшылық, дипломатия, мемлекеттік басқару, қоғамдық келісім және қоғамдық белсенділік бағыттарында тәжірибелік тренингтер мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылады.
«Бірлік» халықаралық жастар лагері жастар арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеуге және жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.


