Әрбір пәтер үш бөлмеден тұрады және жалпы ауданы 68 шаршы метрді құрайды.
Түркістанда көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласында игі іс-шара өтті. Айтулы мереке күні облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров көпбалалы сегіз отбасыға жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Соның ішінде 4 отбасының баспанасына халық қалаулылары атсалысты. Атап айтқанда, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Мағауия Тұрысбеков пен Жомарт Абдибаев өз қаражаттары есебінен 4 мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлады. 


Аталмыш баспаналар демеушілердің қолдауымен тұрғызылып, толықтай жиһазбен жабдықталған. Әрбір пәтер үш бөлмеден тұрады және жалпы ауданы 68 шаршы метрді құрайды. Жаңа қоныс иелері өздерінің қуаныштарымен бөлісіп, қолдау көрсеткен билік өкілдеріне және жомарт жандарға ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында өңір басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, Конституция күні – ел бірлігінің, тұрақтылық пен тәуелсіздіктің берік тұғыры екенін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау бағытындағы мұндай игі қадамдардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұл отбасылар облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған. Халық қалаулылары халық өтінішіне назар аударып, көмек қолын созған.
- Баспана мәселесі бүгінде өзекті. Үй кезегінде тұрған халық жыл сайын баспаналы болса деп тілеймін. Қолдан келсе мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді азаматтық парыз деп есептеймін. Мереке қарсаңында баспаналы болған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын, - деді депутат М.Тұрысбеков.
                        
                        
                    
