Түркістанда көрнекті археолог Марат Тұяқбаевтың 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

0
102

Марат Тұяқбаев – отандық археология мен тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан, музей ісінің өркендеуіне сүбелі еңбек сіңірген маман.


Түркістанда көрнекті археолог Марат Тұяқбаевтың 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Түркістанда көрнекті археолог Марат Тұяқбаевтың 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен көрнекті археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Марат Тұяқбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Сырдария өңірінің археологиялық мұрасы: зерттелуі мен нәтижелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мерейтой иесіне құттықтау хатын жолдап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен Түркістан облысы әкімдігі де ғалымды құттықтап, ғылыми еңбектеріне табыс тіледі.


Конференция аясында Марат Қымызұлының «Түркістан шұратының қалалары мен қоныстары (б.д.д. VI ғ. – б.д. XIX ғ.)» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, конференцияда баяндамалар мен материалдардың жеке ғылыми жинағы жарық көрді. Шара аясында «Балалық арманнан – ғылымның шыңына» атты көрме ұйымдастырылып, ғалымның өмірі, еңбек жолына арналған фотокөрме және археологиялық зерттеулер барысында табылған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.


Марат Тұяқбаев – отандық археология мен тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан, музей ісінің өркендеуіне сүбелі еңбек сіңірген маман. Ол саналы ғұмырын Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және қорғауға арнап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға өлшеусіз үлес қосты.


Маңызды жиынға көршілес ел Өзбекстан, Ресей, Татарстан, және Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысып, археология саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Марат Тұяқбаевтың ғылымға қосқан үлесі жоғары бағаланып, ғылыми қауымдастық тарапынан зор құрметке ие болды.


Шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесе ұйымдастырылды.

Бөлісу