Түркістанда күн сайын 900-ге жуық көше тазаланады

0
293

Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.


Түркістанда күн сайын 900-ге жуық көше тазаланады

Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


5 маусым – Бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан қаласында 79 сенбілік өтті. Бос жатқан 17 гектар аймаққа 30 мың ағаш отырғызылып, «Тұран» тыным бағына айналды. Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен 8,5 гектар бос жер тазаланып, «Руханият» саябағы салынды. Мұнда 8 мың тал егіліп, 6 га аумаққа көгал төселіп, 2 ойын алаңшасы жасақталды. Қоқыстан тазартылған тағы 3,4 гектар алаңға 3000 тал егілді. 3 га көгал төселіп, арнайы балалар ойын алаңшасы жасақталып, «Төлеби» саябағы ел игілігіне берілген.


Түркістан қаласында санитарлық тазалықпен қамтамасыз етілген 875 көше бар. Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде 136 көше механикалық жолмен тазаланады. Қала аумағы 6 секторға бөлінген. Бүгінде шаhарда 32 саябақ, 32 демалыс аллеялары бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақ бүгінде 262 гектарға жетті. 1 миллионға жуық ағаш отырғызылып, 8 гектар жерге гүл егілді. Сонымен қатар аэроғарыштық түсірілім нәтижесінде анықталған 9 стихиялық қоқыс алаңдарына демеушілер есебінен арнайы техникалар жұмылдырылып, тазаланды.


Түркістан қаласындағы қоқыс полигонының жалпы ауданы – 17,85 га. Полигонға келіп түскен қоқыстардың ішінде қайта өңдеуге жататын қалдықтар (пластик, шыны, темір, қағаз-картон) сұрыптаудан өтіп, қайта өңдеуге жолданады. Қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша Түркістан қаласының әкімдігінің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 3839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1562 нысан анықталды. Оның 1483-і ретке келтірілді.


Көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс салғыштар орнатылды. Орталық көшелер бойына жаңадан орындықтар мен қоқыс салғыштар (110 дана) орнатылды. Саябақтар мен скверлерге толық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қаладағы тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» мамандары жүргізеді. Мекемеде 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Жалпы теңгерімінде 36 техника бар.


«Таза Қазақстан» акциясы кезінде әр апта сайын 10 мыңға жуық тұрғын аулаларға тазалық жұмыстарын жүргізді. Акция аясында тұрғындардың қатысуымен 6 сектордағы ішкі көшелерді ретке келтіру бойынша 72 сенбілік, мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың жұмылуымен қаланың 45 аумағында 7 сенбілік, жалпы 79 сенбілік өтті.


Сонымен қатар Тазалық мәдениетін қалыптастыру, халықты тазалыққа үйрету мақсатында учаскелік полиция инспекторы, сектор маманы және қоғам белсенділерін тарта отырып, 10 мобильді топ құрылып, қоқысты кез келген жерге тастағандарға айыппұл салынды.