Жаңа зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Түркістанда микрокристалды тас және декоративті қаптама материалдары өндірісі іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Караван-Темір» ЖШС компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында қаладағы құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаларды талқылап, микрокристалды тас пен декоративті қаптама материалдарын өндіретін кәсіпорын ашу мәселесі қаралды.
Қала әкімі инвесторларға Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті жөнінде кеңінен сөз қозғап, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалғанын және жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қала әкімдігі мен «Караван-Темір» ЖШС жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнын ашу бойынша келіссөздер жүргізуде. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мың шаршы метрге дейін микрокристалды тас және 150 мың шаршы метр декоративті қаптама материалдарын шығаруға қауқарлы.
Жаңа зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және жобаның сәтті жүзеге асуына қажетті шаралар қабылдайтындықтарын жеткізді.