Түркістанда «Мәңгілік бала бейне» қойылымы сахналанды

0
138

Спектакльде адамзат әлемінің бүгінгі тағдыр-бейнесі, моделі атомдық эксперименттің объектісі болған Қарауыл ауылы өмірінің ащы ақиқаты мүгедек қыз Ләйлә және оның әлеуметтік ортасы арқылы зерделенеді.


Түркістанда «Мәңгілік бала бейне» қойылымы сахналанды

Түркістан театрында «Мәңгілік бала бейне» қойылымы сахналанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының гастрольдік сапары басталды. Алғашқы боп белгілі драматург Роза Мұқанованың аты аңызға айналған «Мәңгілік бала бейне» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, келген қонақтарға өңір басшысының сәлемін жеткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов түркістандық көрерменге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.


Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарланы Болат Атабаевтың бірегей қойылымы қазіргі таңда қалпына келтіріліп, көрерменіне тағы бір мәрте жол тартты.


Спектакльде адамзат әлемінің бүгінгі тағдыр-бейнесі, моделі атомдық эксперименттің объектісі болған Қарауыл ауылы өмірінің ащы ақиқаты мүгедек қыз Ләйлә және оның әлеуметтік ортасы арқылы зерделенеді. Қарауылдың адамгершілік барометрі, табиғи рух сәулесі Ләйлә еді. Оған өз еркімен өмірден баз кештірген атом ғана емес, адамдар да. Ол үнемі аймен сырласатын. Оқиға соңында Ай да, Ләйлә да бір-бірін қимай мәңгілікке қоштасады. Әңгіме Ләйләнің өмірмен қоштасуымен аяқталады. Тек бір ғана кейіпкер өмірін мысалға ала отырып, Семей қасіретінің елге тигізген зардабын, өмір қиындықтары көрсеткен туындыдан көрермен қауым ой түйіп қайтты.


Актерлік құрамда «Үміт» номинациясы бойынша Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының иегері Ажарлым Бақытжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Умарбекова,


«Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов бастаған театрдың белді артистері бар.


Айта кетейік, 15 мамырға дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Түркістан музыкалық драма театрының және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының сахналарында қала тұрғындары мен қонақтарын күтеді.

Бөлісу