Түркістанда медицина саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

0
84

Іс-шара аясында қатерлі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын жеткізді.


Түркістанда медицина саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Түркістан қаласында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер күн сайын адам жанына қамқор болып, саулық сыйлап келесіздер. Сондықтан халық сіздерді «Ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын сақтауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап келеді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Мемлекет басшысының осы саясатын іске асыру аясында және Үкіметтің ерекше қолдауымен Түркістан өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынды. Бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрылғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндікті молайтты. Адам үшін ең қажетті емдік шипа – жүректен шыққан мейірім мен жылы сөз. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз дәл осы мейірімнен бастау алады. Сіздер адамға ем ғана емес, сенім мен үміт сыйлайсыздар. Ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деген Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады.

Атап айтқанда, үздіктерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің грамотасы табысталды.

Марапаттау рәсімінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті тапсырылды. Сонымен қатар өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған 2 миллион теңгелік сертификаттар берілді.

Іс-шара аясында қатерлі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын жеткізді.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетті. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің марапаттары тапсырылды.

Мерекелік іс-шара барысында елімізге танымал өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан медицинасы жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Өткен жылы облыс дәрігерлері 75 мыңнан астам ота жасап, 42 ағза трансплантациясын сәтті орындады. Бұрын тек шетелде немесе елордада ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде өңірде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жылжымалы медициналық кешендер арқылы 486 ауылдағы 434 мыңнан астам тұрғын тексеруден өтті. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да нақты нәтижелер бар. Нәресте өлімі 18,3 пайызға, бала өлімі 14,9 пайызға төмендеді.

Медицинадағы басты құндылық – білікті маман. Сондықтан кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті бюджет есебінен 297 дәрігер-резидент даярланып, биыл ауылдық жерлерге жұмысқа барған 73 жас маманға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Бөлісу