Түркістанда «Neke tour» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

0
1 090

"15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күніне" орай ұйымдастырылған.


Түркістанда «Neke tour» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Түркістан қаласында «Neke tour» республикалық байқауында топ жарған 15 жұп марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласына «Neke tour» республикалық байқауының жеңімпаздары келді. "15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күніне" орай ұйымдастырылған шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.


"Биыл Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отырған «Қозы көрпеш – Баян сұлу» күні қасиетті шаһарда ерекше форматта атап өтілуде. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған «Neke tour» республикалық байқауы қоғамның ерекше қызығушылығын тудырды. Ел көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған жобаға 345 жұп өтінім беріп, байқаудың маңыздылығын арттырды. Бұл отау құрған жұптардың сенімді, махаббатты серік еткен беріктігі мен қасиетті Түркістанға деген құрметі деп білемін. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы сыйластық, татулық, сенім сияқты асыл қасиеттерді басты ұстаным етіп алған байқаудың үздіктері бүгін арамызға келіп отыр", – деген ол көпшілікті мерекемен құттықтады.


Түркістан қаласының бас имамы некелерін жаңа қиған жанұяларға отбасылық өмірдің жауапкершілігі туралы түсіндіріп өтті.


Жеңімпаздар Алматы, Орал, Қарағанды, Сәтпаев, Астана, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз және Түркістан қалаларынан келген. Оларға екі күн бойы құрмет көрсетіледі. Мәселен бүгін романтикалық кешкі ас, фотосессия және мәдени бағдарлама ұйымдастырылса, ертең қаланың көрікті орындары мен қала маңындағы киелі жерлерге зиярат ету жоспарланған.


Еске сала кетейік, Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының «Open Turkistan» туристік-ақпараттық орталығы аталмыш байқауды жариялаған болатын. Байқау шарттары бойынша, 3-9 сәуір аралығында ерлі-зайыпты жұптар neke-turkistan.kz порталы арқылы қатысуға онлайн-өтінім жолдаған.


«Байқау туралы біліп, көптеген ерлі-зайыпты жұп қатысуға өтінім жібергеніне қуаныштымыз. Мұндай белсенділік жастардың өз халқының мәдени және рухани құндылығына деген құрметі, сол салт-дәстүрмен өмір сүруге деген құлшынысы байқалады. Неке қию рәсімінің қасиетті мән-мағынасы баянды әрі бақытты отбасылық өмірге жақсы негіз болады», - дейді ұйымдастырушылар.