Бүгінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Түркістанда облыстық ардагерлер кеңесінің ІХ конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда облыстық «Ардагерлер ұйымының» ІХ конференциясы өтті. Келелі басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, «Саутс Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары қоғамдық мәселелерге белсене араласып жүрген ардагерлердің рөлі мен үлесін ерекше атап өтті.
– Баршаңызды Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының ІХ конференциясының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлер – елдің алтын қоры, қоғамның тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Түркістанға сапарында ардагерлерімізбен кездесті. Сол жүздесуде Президентіміз «Ардагерлер жастарымыздың білім алып, дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Бәріміз бірігіп, ел үшін жұмыс істеуіміз керек» деген болатын. Шынында да, Сіздер қиын кезеңдерде табандылық танытып, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қостыңыздар. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Облысымызда ардагерлерді қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда, Түркістан облысында ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Облыста ардагерлер ұйымы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Сіздердің ел бірлігін сақтауға, жастарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарыңыз – ерекше құрметке лайық. Жастарға отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру, патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде сіздердің белсенділіктеріңіз аса маңызды. Жуырда Ел Президентінің өңірімізге жұмыс сапарында келелі ойлар айтып, облыстың дамуына жоғары бағасын берді. Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, өңірдің әлеуетін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Түркістан – тек тарихи өңір ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан оның дамуы мен өркендеуі бәріміздің назарымызда болуға тиіс, – деді ол.
Маңызды жүздесу «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының І пленарлық отырысына ұласты. Пленум барысында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Жеңісбек Мәуленқұлов қайта сайланды.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңестің төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы жаңа төрағаны құттықтап, ұйым мүшелеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Облыс көлемінде зейнет жасына келгендер саны – 207 421. Түркістан облысында «Ардагерлер үйі» және «Мейір» ардагерлер үйлері зейнеткерлерді қабылдайды. Былтыр аталған мекемелерде сауықтыру іс-шараларымен 7384 зейнеткер қамтылған. Оның ішінде 156 тыл ардагері бар. Өңірдегі «Ардагерлер үйі» 200 орынға есептелген және 2026 жылы 4 000 зейнеткерді қабылдау жоспарланған. Ал «Мейір» ардагерлер үйі 190 орынға арналған және биыл 3800 адамды қабылдайды. Жалпы алғанда, зейнеткерлердің демалу және сауықтыруына 7800 жолдама бөлініп, олар аудандар мен қалаларға таратылған. Сондай-ақ облысқа қарасты барлық өңірлерінде зейнет жасындағы қарттарды сауықтыру және әлеуметтік оңалту іс-шараларына бағытталған «Белсенді ұзақ өмір орталықтары» жұмыс істеп тұр. Былтыр«Белсенді ұзақ өмір орталықтары» арқылы 11 мыңнан астам зейнет жасындағы азаматқа қызмет көрсетілді.
Осы тұста Ертай Кенжебекұлы қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, жастармен кездесулер өткізу, тәлімгерлік бағыттағы жобаларды іске асыруда нақты нәтиже көрсетіп жүрген ардагерлер ұйымын ерекше атап өтіп, төрағаны кеңес мүшелеріне таныстырып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.


