Түркістанда отбасылар сайысы өтті

0
87

Облыстың әр түкпірінен келген 14 жас отбасы 4 кезең бойынша сайысқа түсті.


Түркістанда отбасылар сайысы өтті

Түркістанда «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасыларға арналған «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы өтті.


Іс-шараның басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ татулық пен ұйымшылдықты, өзара сыйластықты нығайту болып табылады.


Сайыстың ашылу салтанатына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.


Ашылу салтанатында көрермендер назарына ұлттық нақыштағы өнер бағдарламасы ұсынылды. «Айдай» би ансамблінің би қойылымы мен жас әнші Данагүл Ынтықбайдың «Әкем, анам» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыстың үйлесімді өтуіне нұсқаушы ретінде Бекқасым Диас пен Майлыбаев Асылбек өз үлестерін қосты.


Облыстың әр түкпірінен келген 14 жас отбасы 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, эстафеталық жарыс, зияткерлік сайыс, спорттық кезең, шығармашылық өнер байқауы бойынша өзара бақ сынасты.


Сайыс нәтижесіне сәйкес Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы 1 орынды жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды кентаулық Набиевтар және түркістандық Аитметовтар отбасы иеленсе, Сауран ауданынан келген Тойбековтар отбасы және Шардара ауданынан келген Истургановтар отбасы 3 орынды місе тұтты.


Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Бөлісу