Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған көрме ашылды

0
110

Бұл — қос музей арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.


Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған көрме ашылды

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Рух сардары» көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл 28 тамызда қоғам қайраткері әрі ұлт мәдениетінің жанашыры, Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толады. Осы айтулы мерейтой аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұйымдастыруымен «Рух сардары» көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.


Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Көрменің мазмұнын байыту мақсатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы да өз қорынан тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынды. Бұл — қос музей арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.


Шара барысында Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, көрнекті ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Қыдырәлі Рысбеков сөз сөйлеп, тұлғаның ел тарихындағы орны мен рухани мұрасының құндылығын кеңінен тарқатты. Әсіресе, Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет пен руханият кеңістігіндегі еңбегіне тоқталып, оның артында қалған мол мұра әлі де терең зерттеліп, насихатталуы тиіс екенін атап өтті.


Жиын барысында көрермен назарына «Рух сардары» көрмесі ұсынылды. Экспозициямен Арқалық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы таныстырды. Көрменің басты ерекшелігі — мерейтойлық датаға сай 95 жәдігердің ұсынылуы. Олардың қатарында қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер мен құжаттар, ұлттық бұйымдар — астау, күміс белбеу, қамзол, сәукеле, ер және әйел киім үлгілері, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер мен этнографияға қатысты құнды жәдігерлер бар.


Көрме мазмұны оның ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы рөлін, музей ісін дамытудағы жаңашыл бастамаларын, дәстүрлі өнер мен этнографияны жаңғыртуға қосқан үлесін, Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін арттырудағы қызметін көрсетеді.


Өзбекәлі Жәнібеков: «Халықтың рухани қазынасын сақтау — ұлттың болашағын сақтау» деген еді. Ол Торғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ даласының мәдени кеңістігіне қызмет етті. Театр ашты, музей құрды, ансамбль ұйымдастырды, тарихи жәдігерлерді жинақтады, ұлттық өнердің еңсесін тіктеді. Бүгінгі көрмеде ұсынылған әрбір экспонат — сол жанкешті еңбектің, сол ұстанымның, сол рухани миссияның айғағы.


Көрме 10–12 ақпан аралығында жалғасады. Бұл тағылымды жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін рухани-танымдық алаңға айналатыны анық. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына келіңіздер! Рухани қазынамызды көзбен көріп, жүрекпен сезініңіздер.

Бөлісу