Түркістанда республикалық ретро-айтыс өтті

0
589

Айтыскер ақын Маржан Есжанованың 50 жылдық мерейтойына арналған.


Түркістанда республикалық ретро-айтыс өтті

Түркістан қаласында республикалық «Маржан-жыр» ретро-айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын Маржан Есжанованың 50 жылдық мерейтойына арналған «Маржан-жыр» республикалық ретро айтыс өтті. Түркістан облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырған жыр додасының ашылу салтанатында танымал ақындар мерейтой иесін құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырды. Сонымен бірге осы күні ақынға «Отырар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгені де белгілі болды. Белгілі меценат Серікжан Сейітжанов пен облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан да ақынға құрмет көрсетті.


Атап өтсек, «Маржан-жыр» республикалық ретро-айтысына елімізге танымал айтыскерлер, атап айтсақ, Серік Құсанбаев, Шорабек Айдаров, Аманжол Әлтаев, Алтынкүл Қасымбекова, Бекарыс Шойбеков, Бөрібай Оразымбетов, Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Әбілқайыр Сыздықов, Мұхтар Ниязов және өзге де от ауызды, орақ тілді ақындар қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, Маржан ақынның ізбасар інілері мен шәкірттері де жырдан алқа тақты.


Айтысты ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізіп отырды. Маржан Есжанованың 50 жылдық мерейтойына арналған айтыста сыралғы қарсыластар ұшқыр ой мен ұтымды әзілдерін айтып, көрерменді серпілтті. Тарихи шаһарды, жаңарған Түркістанды жырлады. Рухани кеште Маржан Есжанованың кітабының таныстырылымы өтті. Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері ақынның өнері мен еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.