Түркістанда Сабыр Рақымовты еске алуға арналған турнир басталды

0
94

420 жас балуан қатысуда.


Түркістанда Сабыр Рақымовты еске алуға арналған турнир басталды

Түркістанда Сабыр Рақымовты еске алуға арналған халықаралық күрес турнирі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен XXIX халықаралық турнир салтанатты түрде басталды.


Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан 420 жас балуан қатысуда. 2006-2007 жылы туған өрендер боз кілемде бақ сынап, өзара мықтыларын анықтайды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.


– Рухани шаһарда дәстүрге айналған халықаралық күрес турнирі 1996 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Биыл 29-рет туы желбіреген дода жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда облысымызда еркін күреспен 5000-ға жуық жас спортшы айналысады, оларға 200-ден астам жаттықтырушы тәлім беруде. Бұл турнирдің басты мақсаты – жас балуандардың шеберлігін шыңдау және көрші елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады, – деді басқарма басшысы.


Олимпиадалық спорт түрлерінің бірі саналатын еркін және әйелдер күресі бүгінде әлемдік деңгейде қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыда дәстүрлі түрде өтетін Сабыр Рақымов турнирі жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, шеберлігін арттыруына зор мүмкіндік береді. Бәсекелер барысында ұлдар мен қыздар әрқайсысы 11 салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтайды. Турнир үш күнге созылады.


Жарысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.

Бөлісу