40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды.
Түркістанда «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы “Конгресс Холл” кешенінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты театрландырылған шара өтті. Жиын қала әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген. Іс-шара - мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен тығыз байланысты нығайтуға бағытталған.
Аталған бастама Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне сай инклюзивті қоғам қалыптастыру аясында қолға алынған. Бұл – әлеуметтік теңдікті насихаттап, ерекше жандардың әлеуетін көрсетуге арналған маңызды қадам. Іс-шара аясында Түркістан өңірінен жиналған балалардың қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы туындылар мен шығармашылық жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, 40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды. Жобаның ерекшелігі – барлық қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен дайындық процесінен өтті. Бұл олардың сахнада өз өнерін сенімді көрсетуіне және шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік берді.