Түркістанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

0
63

Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасу өтті.


Түркістанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Түркістанда квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және комплаенс-қызметтің тиімділігін арттыру» тақырыбында маңызды жиналыс өтті. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесе ұйымдастырды. Жиналысқа аудан және қала әкімі аппаратының басшылары, басқарма басшысының орынбасарлары, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары, комплаенс-офицерлер, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ жауапты құрылым өкілдері қатысты.


Жиынды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев жүргізіп отырды. Ол Мемлекет басшысының 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру функциялары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілгенін атап өтті. Осыған сәйкес, қазіргі таңда Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру жұмыстары күшейтіліп отырғаны айтылды.


Жиында алғаш болып Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Әбдірасіл Әбиев баяндама жасап, квазимемлекеттік сектордағы тәуекелдер мен алдын алу шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Ал аталған басқарманың бас маманы Эльнур Ырысбайұлы комплаенс-қызметтің рөлі, оны жетілдіру жолдары және практикалық тетіктер туралы баяндады.


Сондай-ақ жиналыста Түркістан облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев сөз сөйлеп, құқықтық реттеу мен жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Дархан Суртеков 2026 жылға жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.


Баяндамадан кейін қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасу өтті.

Бөлісу