20-дан астам үздік мейрамхана мен дәмханалар ұлттық тағамдар, жергілікті деликатестер мен стрит-фуд тағамдарын ұсынады.
Түркістанда Наурыз мерекесіне орай «Тайқазан» гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының алаңында 22 наурыз күні сағат 12:00-19:00 аралығында «GASTRO FEST TURKISTAN-2023» атты ауқымды гастрономиялық фестиваль өтеді.
Аталған іс-шараны Түркістан облыстық Туризм басқармасының «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы өткізеді. Шарада қаланың 20-дан астам үздік мейрамханасы мен дәмханалары ұлттық тағамдар, жергілікті деликатестер мен стрит-фуд дәмділерін ұсынады.
Фестивальде арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, онда күні бойы ойындар, жылдам тамақтану бойынша конкурстар, жергілікті аспаздардың шеберлік сыныптары, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтеді. Сондай-ақ, фестивальде туристер үшін Түркістанның «дәмін татуға», өңірдің қонақжайлылығын сезінуге, қазақтың ұлттық тағамдарының тарихын білуге, естен кетпестей тамаша уақыт өткізуге мүмкіндік болмақ.
Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – бонус ретінде GastroFest гастро-картасы тегін ұсынылады. Бұл гастрономиялық картада қаладағы үздік дәмханалардың мәліметтері жиналған. Сіз Түркістанда ең дәмді палаудың дәмін қайда татуға болатынын, қай мейрамханада тәтті десерттер дайындалатынын көре аласыз.