​Түркістанда Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовті еске алу шарасы өтті

0
2 221


​Түркістанда Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовті еске алу шарасы өтті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында «Ұлы даланың дара даналары» кітап көрмесі мен «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сөз өнері сәулеткерлеріне арналған жиынға ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Есенғали Әбдіжаппарұлы, әдебиеттанушы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек, І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері, Шешен Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің, Шешенстан Мемлекетік сыйлығының лауреаты, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері Рафаэль Ниязбекұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мархабат Байғұт және Созақ ауданының Құрметті азаматы, ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мыңжасар Асқаров жәнк өзге де зиялы қауым өкілдері мен студенттер, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

-"Құлагердей қаламгерлердің атын ардақтау, құрмет тұтып қастерлеу, биікке көтеру, мұра етіп қалдырған алтын қазыналарын келешек ұрпаққа жеткізу, баршамыздың парызымыз.
Қарт Қаратаудың теріскейі қашанда қаламы күміс қаламгерлердің, арқалы ақындардың мекені, алтын бесігі еді десек, әдеби шоғырда орны бөлек сөз сәйгүлігі, қазақтың қара сөзінің зергері атанған көрнекті жазушы, ақын Тәкен Әлімқұловтың туылғанына 100 жыл және де тумысы бөлек тұлға, өзгеше дарын иесі Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған мерейлі мереке Қазақстан көлемінде аталып өтуде. Елім деп еңсесін тіктеген, ұлтым деп ұйқысы қашқан айтулы тұлғалардың тұғыры қашан да биік",
- деп ізінен қазақтың қасиетті әдебиетін ерткен тамырлы сөз тұлпарларының мерейлі жылымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Отарбаев Мәлік Нұржанұлы Тәкен Әлімқұловтың жұбайы Есімкүл Әлімқұлова мен Асқар Сүлейменовтің ұлы Алишер Сүлейменовке облыс басшысының сый-сияпатын табыс етті.

Шара аясында Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері «Қаратаудың төл перзенттері» поэтикалық композициясын ұсынып, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тарту етті.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебінде де Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына арналған мектеп оқушыларының қатысуымен еске алу іс-шарасы өтті.

Дереккөз: Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі