Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
ERNUR.KZ. Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді көгалдандыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда.
Президенттің республика аумағына 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет отырғызылды. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалатын болады.
Биыл облыс көлемінде 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 15 жалпыхалықтық акция және кең ауқымды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өткізілді. Аталған шараларға 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 222 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен, соңғы екі жылда елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 474 арнайы коммуналдық техника сатып алынды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылы облыста жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. Олардың қатарында Орта Азиядағы теңдессіз Ескек есу каналы, «Парасат» саябағы, Ботаникалық бақ және жасанды көлі бар 32 гектарлық саябақ тұрғындар игілігіне берілді. Биыл өңірде 7 саябақ пен 8 аллеяны пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда «Этно-туристік кешені» мен «Билер» аллеясы ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін «Астана» саябағы мен ауқымды Аквапарк кешенінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар өңірде жыл соңына дейін 61 балалар ойын алаңы, 35 воркаут алаңы және 49 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, аумағы 50 гектарды құрайтын «Экопарк Түркістан» толық аяқталып, халық игілігіне берілді.
Түркістан қаласын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қала аумағында 24 мың гектар жер көгалдандырылып, 20 мың ағаш пен 24 мың бұта отырғызылды. Қаланы жарықтандыру жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылуда.
Коммуналдық «Жасыл аймақ» мекемесінің жылыжайларында 2,5 миллион біржылдық гүл өсіру тәжірибесі енгізілді. Соның нәтижесінде жергілікті жерде өсірілген гүлдерді пайдалану арқылы бюджет қаражаты екі есе үнемделеді.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 33 электробус сатып алынып, Түркістан қаласында электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары орнатылуда. Сонымен қатар, метан газ құю станциясы іске қосылды.
Жаңа Конституцияда табиғатқа жанашырлықпен қарау және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет дамуының маңызды құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында нақты нәтижелермен жүзеге асуда.
Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында TAZAQAZBOT Telegram чат-боты белсенді қолданылып келеді. Жыл басынан бері тұрғындардан келіп түскен 900-ге жуық өтінімге жедел жауап беріліп, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам экологиялық тәрбие сағаты, 560 сурет байқауы, 4 700 дөңгелек үстел және 68 экологиялық акция өткізілді. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында «Шикізат жинау көшбасшысы», «Экологиялық бастамалар көшбасшысы» және «Үлкен әлеует» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, көгалдандыру көлемін ұлғайту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі.


