Түркістанда заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр.

0
444

Ө.ШӨКЕЕВ: Спорт - адам өмірінің ажырамас бөлігі.


Түркістанда заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр.

Түркістан қаласында заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында салынып жатқан заманауи үлгідегі спорт нысандарының құрылысы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылыс алаңында болды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарына сәйкес жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Допинг-бақылау кабинеттері, 300 орындық қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары мен медициналық, массаж кабинеттері, кір жууға арналған жеке блок және ас үймен жабдықталған.


Елімізде теңдесі жоқ су кешенінің құрылысы қарқынды. Қазіргі таңда 2 млн. м3 су жинайтын канал қазылып, бетондалған. Құрылыспен бірге кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Жауапты сала басшыларымен кездескен облыс әкімі жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды.


«Түркістанда салынып жатқан жаңа үлгідегі спорт кешендерінде кез-келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады. Спорт - адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек. Спортпен айналысатын адамның бойында табандылық қасиет қалыптасады. Рухы биік, жігері асқақ болады»,-деді Өмірзақ Шөкеев.


Облыс орталығында салынып жатқан елімізде теңдесі жоқ спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы болады. Келер жылы ашылатын әмбебап оқу жаттығу базасында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілмек.


Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.


Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт мектебі, «Ат спорты кешені», «Мұз айдыны» секілді жаңа спорт нысандары салынуда. Облыс әкімінің тікелей бақылауымен бой көтерген әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысандар келер жылы ашылады. 35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде Поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы салынады.