Түркістанда жаңа сапар орталығының құрылысы басталды

0
1 951

Онда әкімшілік, музей экспозициясы, қонақжай бөлмелері, шаруашылық бөлмелері қарастырылған.


Түркістанда жаңа сапар орталығының құрылысы басталды

Жүсіп ата кесенесі жанында сапар орталығының іргетасы қаланып, аманат капсуласы қойылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағында қорық-музей мен демеушілер есебінен сапар орталығының құрылысы басталып, аманат капсуласы қойылды. Тарихи кесенеге келушілерге арналған ғимараттың іргетасын қалауға арналған іс-шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, жеке кәсіпкер, демеуші Рахметжан Абдусаттаров,
Ескі Иқан ауылының жергілікті тұрғындары мен Жүсіп ата ұрпақтары қатысты.

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдықтарды негізге ала отырып, Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға келген туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында қорық-музей тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Жүсіп ата кесенесінде бой көтергелі отырған сапар орталығы өз кезегінде Түркістан өңіріне келетін зияратшылар мен туристерге дұрыс жағдай туғыза отырып, еліміздегі туризм саласының дамуына оң серпіліс берері сөзсіз. Осы мақсатта біз жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу арқылы сапар орталығы мәселесінің оң шешімін таптық. Жүсіп ата кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығын салуға демеушілік жасап отырған кәсіпкер Рахметжан Абдусаттаровқа ерекше алғыс білдіремін. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта қорық-музейге қарасты басқа да тарихи кесенелерде жалғасын табады. Қазіргі таңда, Әлқожа ата кесенесінің де айналасын абаттандыру бойынша демеушілер тартылып, ауқымды жоба қолға алынуда", - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Құрылыс саласы мамандарының қатысуымен дайындалған жобалау құжаттары бойынша туристер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы 4 бөлмеден тұрады. Онда әкімшілік, музей экспозициясы, қонақжай бөлмелері, шаруашылық бөлмелері қарастырылған. Сонымен бірге, тарихи орынды абаттандыру ісі де қолға алынды. Тарихи деректерге сәйкес жүзімнің ерекше түрін өсірген Жүсіп атаның сүйікті жұмысын қайта жаңғырту мақсатында 12 түрлі жүзім ағашы егіліп, арнайы бақ жасалынады. Демеуші Рахметжан Абдусаттаров баққа жоғары сұрыпты жүзімдер ғана егілетінін айтты. Қазіргі таңда, еліміздегі және шетелдегі жүзімдердің ерекше түрлері таңдалуда. Ал, сапар орталығы күн мезгілінде пайдалануға беріледі.

Тарихи деректер мен аңыз-әфсаналарда Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің жиені әрі замандасы, шәкірті болғандығы айтылады. Оның кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған.