Ғалымдар ЖАҺАНДЫҚ АПАТ жағдайында ЕҢ ҚАУІПСІЗ болатын ЕЛді анықтады

0
215

Оның басты артықшылықтары – басқа құрлықтардан шалғай орналасуы, дамыған ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік әлеуеті.


Ғалымдар ЖАҺАНДЫҚ АПАТ жағдайында ЕҢ ҚАУІПСІЗ болатын ЕЛді анықтады

Фото: cdn.lifehacker.ru

Ғылыми фантастика кейде болашақтың айнасына айналып жатады. Голливуд фильмдері мен ғылыми фантастикалық кітаптар ақырзаман орнауын, одан кейінгі өмірді жиі суреттейді. Өкінішке қарай, мұндай жойқын апаттардың шынайы өмірде қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осыны ескерсек, «Егер ақырзаман болса, адамзат қайда барып бас сауғалай алады?» деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Осы сұрақ толғандырған халықаралық ғалымдар тобы арнайы зерттеу жүргізіп, жаһандық катаклизм орын алған жағдайда Жер шарында аман қалу мүмкіндігі ең жоғары елдерді анықтады.


Жаһандық қауіп-қатер деп қысқа мерзімде (бірнеше ай немесе жылда) Жер шары халқының кем дегенде 10%-ын жойып жіберетін оқиғаларды айтады. Зерттеу авторлары мұндай қауіптерді үш топқа бөледі.


1. Күн сәулесінің кілт азаюы

Вулкан атылуы, ядролық соғыс немесе метеориттің түсуі күн сәулесін бұғаттап тастауы мүмкін. Мұның салдарынан күн суытып, климат өзгереді және егін шықпай қалады. Бұл халықаралық азық-түлік саудасына ауыр соққы болып тиеді.


2. Инфрақұрылымның толық күйреуі

Бұған ядролық жарылыс, жойқын геомагниттік дауыл немесе жаһандық кибершабуыл салдарынан электр энергиясының ұзақ уақытқа өшуі жатады. Бүгінде өндіріс пен ауыл шаруашылығы толығымен тоққа тәуелді болғандықтан, мұндай жағдай әлеуметтік жүйені күйретіп, азық-түлік тапшылығын тудырады.


3. Жаһандық биологиялық қауіптер

Өте қауіпті жұқпалы дерттің таралуы ондаған немесе жүздеген миллион адамның өмірін қиюы мүмкін. Мұндай індет жұмыс күшінің жетіспеушілігіне, ашаршылыққа және медицина жүйесінің толық күйреуіне әкеледі.

Сондай-ақ ғалымдар елдердің төзімділігін, яғни апаттан кейін қайта аяққа тұрып, негізгі функцияларын сақтап қалу қабілетін бағалады. Бұл қабілет мықты мемлекеттік институттарға, тұрғындардың әл-ауқатына, теңсіздіктің төмендігіне, дамыған өнеркәсіпке, географиялық оқшаулануға (шалғайда орналасуына), экономиканың әртүрлілігіне және сыртқы саудаға тәуелді болмауына байланысты.


Зерттеу қорытындысы бойынша ең төзімді мемлекет болып Австралия танылды. Оның басты артықшылықтары – басқа құрлықтардан шалғай орналасуы, дамыған ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік әлеуеті. Дегенмен, бұл ел де жанармай, дәрі-дәрмек пен тыңайтқыш импортына тәуелді, создықтан оны да жүз пайыз қауіпсіз деп айту қиын.

Төзімді елдердің қатарына сонымен қатар мыналар кірді:

  • Жаңа Зеландия
  • Жапония
  • Швейцария
  • Аргентина

Алайда бұл мемлекеттердің көбі сейсмикалық белсенді (жер сілкінісі жиі болатын) аймақтарда орналасқан және жағалау сызығы ұзын, соңдықтан цунамиден зардап шегу қаупі бар.

Ғалымдардың пікірінше, бұл елдер болашақта азық-түлік пен тұқым қоймаларына, сондай-ақ жаһандық апаттарға қарсы халықаралық көмек көрсету базаларына айнала алады.


«Ақырзаман қоймалары»

Жаһандық катаклизмдер туралы сөз болғанда, ғалымдар тек теориямен шектелмейді. Әлемде осындай қауіп-қатерлердің алдын алу үшін нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, Солтүстік полюске жақын орналасқан Норвегияның Шпицберген архипелагында Свалбард ғаламдық тұқым қоймасы орналасқан. Мәңгі тоң басып жатқан тау ішіндегі бұл бункерде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 1 миллионнан астам өсімдік тұқымы сақтаулы. Тоқ өшіп, инфрақұрылым толық күйреген жағдайдың өзінде іштегі табиғи суық температура тұқымдарды жүздеген жыл бойы бұзбай сақтай алады. Сонымен қатар, осы аймақта адамзаттың маңызды сандық деректері мен мәдени мұраларын оффлайн режимінде сақтайтын Арктикалық сандық архив жұмыс істейді.


Байлардың бункерлері мен элиталық баспаналар

Силикон алқабының магнаттары мен ірі инвесторлары жаһандық қауіпке өз бетінше дайындық жасайды екен. Мысалы, АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатында бұрынғы әскери қоймалардың орнында «Vivos xPoint» деп аталатын ең үлкен бункерлік қалашық салынған. Ал Питер Тиль сияқты белгілі миллиардерлер географиялық жағынан оқшау, қауіпсіз әрі ауыл шаруашылығы дамыған Жаңа Зеландиядан арнайы жер телімдерін сатып алып, автономды жеке бункерлер тұрғызуды жөн көріпті.


Көпшілік Тынық мұхитындағы Гавайи сияқты оқшау аралдарды апат кездегі ең тыныш мекен деп есептейді. Дегенмен, сарапшылар бұл пікірдің қате екенін айтады. Шағын аралдар жанармай, медицина және азық-түлік жеткізілімі бойынша құрлықтағы логистикаға толық тәуелді. Жаһандық сауда жүйесі тоқтаған сәтте мұндай аймақтарда ең бірінші болып ресурс тапшылығы мен гуманитарлық дағдарыс басталады.


Тарихта қалған «Жазы жоқ жыл»

Табиғи апаттардың салдары қаншалықты ауыр болатынын тарих та дәлелдеген. 1815 жылы Индонезиядағы Тамбора вулканының жойқын атылуы салдарынан атмосфеаға тонналаған күл тарап, күн сәулесін бұғаттап тастады. Мұның салдарынан 1816 жыл тарихта «жазы жоқ жыл» деген атпен қалды. Еуропа мен Солтүстік Америкада жаз ортасында қар жауып, егін күйреді. Бұл оқиға климаттың сәл де болсын өзгеруі жаһандық ашаршылыққа қалай әкелетінін айқын көрсетті.


Жаһандық апат кезіндегі ауыл шаруашылығының рөлі

Австралия мен Жаңа Зеландияның зерттеуде көш бастауы тегін емес. Бұл елдер өз халқын азық-түлікпен жүз пайыз қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорқа бірнеше есе артық өнім шығарады. Мысалы, Жаңа Зеландияның ауыл шаруашылығы потенциалы өз тұрғындарынан 10 есе көп халықты асырауға қауқарлы. Сондықтан сыртқы байланыс үзілген жағдайда бұл мемлекеттер өз ресурстарының арқасында ұзақ уақыт бойы өмір сүруін жалғастыра алады деген сенім орнаған.

Бұл мақаланың басты мақсаты – үрей тудыру емес, адамзаттың кез келген тосын жағдайға дайын болуы керегін ескерту. Австралия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің қауіпсіз әрі төзімді саналуы тек географиялық орналасуының арқасында емес, ішкі ресурстары мен дамыған экономикасының нәтижесі.

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу әлем елдеріне өз автономиясын күшейтуге, азық-түлік пен энергия қауіпсіздігін қайта қарауға үлкен түрткі болуы тиіс. Ақырзаман орнамаған күннің өзінде, кез келген мемлекет үшін сыртқы ресурстарға тәуелділікті азайтып, тосын апаттарға төтеп бере алатын мықты инфрақұрылым құру қашан да маңызды.

Саяхат пен туризм тұрғысынан қарасақ, бұл зерттеу болашақ маршруттар үшін таптырмас шпаргалка. Тізімдегі елдер апаттан аман қалатын пана ғана емес, сонымен бірге табиғаты таңғажайып, тыныш әрі инфрақұрылымы керемет дамыған туристік бағыттар. Болашақта саяхат жоспарласаңыз, бұл мемлекеттерге тек көрікті жерлерін аралау үшін емес, олардың автономды әрі қауіпсіз өмір сүру мәдениетін өз көзіңізбен көру үшін де барып қайтуға болады. Өйткені өз ресурсын тиімді пайдалана білетін елге кез келген уақытта қонақ болу әрі жайлы, әрі қауіпсіз!

Дайындаған: Б. МЕЙІРХАНҰЛЫ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ҰШАҚтағы көршің АГРЕССИВТІ болса...

Сауд Арабиясы The Red Sea туристік жобасын әзірлеп жатыр