Түркістанда «Жас толқын-2024» байқауының жеңімпаздары анықталды

0
685

Біржан салдың 190 жылдығына, Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.


Түркістанда «Жас толқын-2024» байқауының жеңімпаздары анықталды

Түркістанда қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жас толқын-2024» аймақтық эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілер байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


15-ші рет өткізілген байқау түркі елдерінің туристік астанасы аясында, ақын, әнші, композитор Біржан салдың 190 жылдығына, Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған.


Байқауды Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан ашып беріп, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық және ұлттық рухта тәрбиелеу, мәдени іс-шара жүргізушілері мен жанды дауыстағы эстрадалық ән өнерін дамыту, ел ішінде көрінбей жүрген жас таланттарды тауып, оларға қолдау көрсетіп, жаңғырған Қазақстан мен жаңарған Түркістанды әнге қосу екендігін алға тартты.


Байқауға эстрада әншілері бойынша аудан, қалалардан барлығы 27 үміткер өтініш білдіріп, оның ішінде Түркістан қаласынан 15 үміткерге іріктеу жасалып, нәтижесінде 25-і байқауға жіберілді. Мәдени іс-шара жүргізушілері байқауына аудан, қалалардан барлығы 17 үміткер өтініш білдіріп, оның ішінде Түркістан қаласынан 8 үміткерге іріктеу жасалып, нәтижесінде 14-і жіберілген. Ал аймақтан арнайы іріктеліп келген үміткерлер екі бағыттағы байқауға іріктеусіз қатысып, бақ сынады.


Жас эстрада әншілері жанды дауыста 2 ән орындады. Алғашқы кезеңде патриоттық және әскери жанрдағы, екінші кезеңде еркін тақырыпта әндерді шырқады. Мәдени іс-шара жүргізушілеріне кез келген тақырыпта мәдени іс-шараны дайындап жүргізіп, кез келген оқиғадан шығу талаптары қойылды. Үміткерлер көркем шығармадан, драмадан үзінді немесе танымал ақынның өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды.


Өнер сайысында үміткерлердің орындау шеберлігіне, таңдалған шығарманың тәрбиелік мазмұны мен мағынасына, өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахна мәдениетіне қарай баға берілді. Әділ-қазылар шешімімен «Жас толқын-2024» байқауының эстрада әншілері бойынша бас жүлдені Түркістан қаласынан қатысқан Еділхан Нұрғазы иеленсе, жүлделі І орын Асқар Күрешовқа (Түркістан) берілді. Қос бірдей ІІ орын Шахзод Бабаханов (Түркістан) пен Жансая Бектеналыға (Түлкібас) табысталды. Ал үш ІІІ орын Әділет Сайдуллаевқа, Аяжан Әбдутәліпке (Арыс), Аби Арданаға бұйырды.


Ал мәдени іс-шара жүргізушілер бойынша бас жүлде Келес ауданынан қатысқан Мерей Тұрғанға бұйырса, І орын Айда Маканбайға берілді. Екі ІІ орын Ердәулет Сағынтайға (Түлкібас) және Кентау қаласынан қатысқан Қаныбек Күлзадаға бұйырды. Үш бірдей ІІІ орынға Шадияна Сымайлова, Қойшыбай Нұрислам (Созақ), Сәрсенбай Нұрбақыт (Шардара) лайық деп танылды.


Қос бағыт бойынша түрлі номинациялар да тиісті үміткерлерге ұсынылды. Өнер додасына қатысып жүлдегер атанғандар қала әкімі атынан арнайы диплом мен қаржылай сертификаттармен марапатталды. Номинация иегерлеріне қаржылай сый табысталды. Өзге үміткерлер қатысқаны үшін Алғыс хатқа және заттай сияпатқа ие болды.